Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банк жүйесіне шабуыл жасалса, банктер бұл туралы бір тәулік ішінде хабарлауы керек

банк
Фото: shutterstock.com

Қазақстандағы банктер хакерлік шабуыл, жүйеге заңсыз кіру немесе елеулі техникалық ақау туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 24 сағат ішінде хабарлауға міндеттеледі. Қорғаныс жүйесінен шабуылдаушылар пайдалана алатын осалдық табылса да, банк реттеушіге бір тәулік ішінде ескертуі керек. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Банктер жүйенің бұзылуы, DDoS-шабуыл, серверлерге вирус жұғуы және жүйеге заңсыз кіру жағдайларын хабарлайды. Қорғаныстың әлсіздігінен ақша заңсыз аударылса немесе клиенттің жеке басын тексеретін бағдарлама істен шықса да, агенттікке ақпарат беру қажет. Ал басқа ақаулар салдарынан банк жүйесі бір сағаттан ұзақ жұмыс істемесе, ол туралы да реттеушіге хабарланады.

Банктер мәліметті агенттіктің арнайы жүйесі арқылы жібереді. Жүйе істемей қалса, банк алдымен агенттікке телефон соғып, кейін жағдайдың егжей-тегжейін хатпен жолдайды. Қаржы ұйымдары ақаулар мен қорғанысқа төнген ықтимал қауіптер туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде жинап, автоматты түрде жіберуі керек.

Жаңа талаптар Қазақстанда жұмыс істейтін отандық және шетелдік банктерге, сондай-ақ жекелеген банк операцияларын жүргізетін ұйымдарға қатысты. Ұлттық банкке қарасты ұйымдар ақпаратты агенттік жүйесіне қосылған Ұлттық банктің жүйелері арқылы бере алады. Қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Қазақстандық рейтинг агенттігіне де деректерді қорғау бойынша бөлек талаптар енгізілді. Агенттік жүйеге кіру әрекеттерін тәулік бойы бақылап, маңызды деректердің көшірмесін күн сайын сақтап, жұмыс жүйелеріне кіргенде қосымша тексеру қолдануы керек. Кибершабуыл, деректің таралуы немесе жоғалуы сияқты елеулі жағдай болса, реттеушіге оны анықтағаннан кейін 24 сағат ішінде хабарлауға міндетті.

Қорғалатын деректерді Қазақстаннан тыс жерде сақтауға тыйым салынады. Агенттік деректерді басқа компанияларға берсе, ол компаниялар қорғанысқа қатысты мәселені анықтағаннан кейін екі сағат ішінде хабарлауы керек.

Бұған дейін агенттік 2027 жылдан бастап банктердің хакерлік шабуылға дайындығы жыл сайын тексерілетінін хабарлаған. 2026 жылғы қазанда үш банк қатысқан алғашқы жаттығуда вирустың маңызды жүйені бұғаттаған жағдайы қарастырылды. Үш банк те алдын ала сақталған көшірмеден жүйені 35–45 минут ішінде қалпына келтірген. Банктердің атауы жарияланбады.

Жаңа талаптар реттеушіге шабуылдар мен жүйе ақаулары туралы жылдам ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл банктердің мәселені тезірек шешіп, клиенттердің ақшасы мен жеке деректерін қорғауына көмектеседі.

Айта кетейік, бұған дейін бас прокуратура телефон алаяқтарынан сақ болуға шақырды: банк пен мемлекеттік орган қызметкерлері телефон арқылы SMS-кодты, карта деректерін немесе құпиясөзді сұрамайды. Егер қоңырау шалған адам осындай мәлімет талап етсе, оған ештеңе айтпай, тұтқаны қойыңыз. Ақпаратты нақтылау үшін банкке немесе мемлекеттік органға ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласыңыз.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 10:26