Алматыда науқастарға арналған тағам өндіреміз деп, бюджеттен 150 миллион теңге алған эколог ұсталды
Алматыда эколог-блогер, “Байтақ” жасылдар партиясының бұрынғы хатшысы Ерлан Қыдырбаев ұсталды. Ол мемлекет қаржысына жүзеге асырылуы тиіс ғылыми жобалар аясында бөлінген қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Мемлекетке келген шығын көлемі 150 миллион теңгеге жуық. Қылмыстық істің қозғалғанын блогердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
50 жастағы Ерлан Қыдырбаев ғылыми ортада танымал тұлғалардың бірі саналады. Ол бұған дейін “Байтақ” жасылдар партиясының хатшысы қызметін атқарған. Сонымен қатар блог жүргізіп, YouTube-арнасында түрлі тақырыпта бейнематериалдар жариялап, танымал адамдардан сұхбат алып жүрген.

Алайда жуырда экологтың уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болды.
Жағдайдан хабардар дереккөздің мәліметінше, Ерлан Қыдырбаев белгілі бір аурулармен ауыратын адамдарға арналған арнайы тағам өнімдерін өндіруге бағытталған екі ғылыми жобаға қатысқан. Атап айтқанда, қант диабеті, целиакия және басқа да аурулары бар адамдарға қажет өнімдер тапшылығын азайту көзделген.
Жобалар аясында глютенсіз және көмірсуы аз нан-тоқаш пен ұн өнімдерін шығаратын өндіріс орындарын іске қосу жоспарланған.
Осы мақсатта “Ғылым қоры” акционерлік қоғамы екі компанияға жүздеген миллион теңге көлемінде қаржы бөлген. Қыдырбаев аталған компанияларда жалдамалы қызметкер ретінде тіркелген. Десе тергеу нұсқасы бойынша, кәсіпорындардың жұмысына іс жүзінде өзі басшылық етіп, қаржысын бақылаған.
Қаржы алған соң компаниялар өнім өндіруге қажет жаңа жабдықтар сатып алуы тиіс болған. Ақша жеткізушілердің есепшотына аударылғанымен, іс жүзінде талапқа сай жаңа техника емес, қолданыста болған жабдықтар сатып алынған. Оның үстіне, сатып алынған техниканың сипаттамалары жобада көрсетілген талаптарға сай келмеген.
Ал құжаттарда жабдықтардың барлығы жаңа әрі қымбат бағаға алынғаны көрсетілген. Арасындағы айырмашылық қолма-қол ақшаға айналып, Ерлан Қыдырбаевқа берілген.
Бұдан бөлек, кәсіпорындар жұмыс істеп жатқандай болу үшін іс жүзінде болмаған өнім жеткізілімдері туралы жалған құжаттар рәсімдеген деген күдік бар. Ал компаниялар ерекше тағам өнімдерін өндірумен айналыспаған.
Қазір экологқа қатысты қылмыстық істі Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеп жатыр.
Мәліметке сәйкес, мемлекетке келтірілген шығын көлемі шамамен 150 миллион теңге.
Айта кетейік, бұған дейін “Қызылжар” футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға іздеу жарияланғаны туралы жазған едік.
Қытай көліктері нарықты қалай жаулап алды және оларды сатып алу тиімді ме