Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызылжар" футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға іздеу жарияланды

Григорий
Фото: "Қызылжар" ФК

Қаржы мониторинг агенттігі Петропавлдағы “Қызылжар” футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияны іздестіріп жатыр. Ол сеніп тапсырылған мүлікті иемденді немесе талан-таражға салды, салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті порталында жарияланған мәліметке сәйкес, іздеу жариялауға Қаржы мониторинг агенттігі бастамашы болған.

Іздестіру жұмыстарын Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.

іздеу
Фото: Скрин

5 қарашада Григорий Лорияны қылмыстық әрекетінің саралануы туралы хабардар ету үшін департаментке шақырған. Алайда ол келмеген. Осыдан кейін 6 қарашада тергеушінің оны сырттай қамауға алу туралы өтінішін қарау үшін Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу сотына шақырту жіберілген.

7 қарашада Лорияға қатысты іздестіру ісі тіркелгені белгілі болды.

Григорий Лория “Қызылжар” клубын 2014 жылдан 2024 жылдың наурызына дейін басқарған. Оның ұлы, ұлттық құраманың бұрынғы қақпашысы Давид Лория биыл маусымда елордалық “Жеңіс” клубының бас директоры болып тағайындалған.

Айта кетейік, 2024 жылы “Қызылжар” футбол клубында бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған. Осы іске қатысты клуб бухгалтері Ольга Замелацкая қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осылайша ол 2026 жылдың қаңтарында 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Петропавлдағы “Қызылжар” футбол клубының басшылығы мен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев арасындағы дау да сотқа дейін жеткен. Кассациялық сот Қазақстан құрамасының уақытша бас бапкер міндетін атқарған Али Алиевтің пайдасына шешім шығарып, “Қызылжар” клубының 2022–2024 жылдарға арналған еңбек келісімін заңсыз деп тану туралы шағымын қанағаттандырмаған.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 08 Қараша, 2026 16:13