Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада әскерге парашют жеткізуге бөлінген 646 миллион теңгені жымқырған кәсіпкер сотталды

Парашют
Фото: istockphoto.com

Астанада парашют жабдықтарын жеткізуге бөлінген 646 миллион теңгені иемденген компания басшысы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Кәсіпкер мемлекеттік "Қазспецэкспорт" кәсіпорнымен келісімшарт жасасқанымен, алған ақшасына тауар жеткізбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

4 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған кәсіпкерге қатысты іс қаралды.

Сот материалдарына сәйкес, іс бойынша айыпталушы әскери-техникалық мүлік жеткізу саласында тәжірибесі болған және "К" ЖШС-ін басқарған. Ол компания атынан "Қазспецэкспорт" республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен парашют жабдықтарын жеткізу туралы келісімшарт жасасқан. Келісімнің жалпы құны 874 миллион теңге болған.

Шарт бойынша кәсіпкерге алдын ала 646 миллион теңге төленген. Алайда сот анықтағандай, компания басшысы бастапқыдан-ақ міндеттемелерін орындауды көздемеген әрі өнімді жеткізуге нақты мүмкіндігі жоқ екенін білген.

Ақшаны алу үшін кәсіпкер "Freedom Finance Insurance" сақтандыру компаниясымен де келісім жасасқан. 

Алайда келісімшартта белгіленген мерзімде парашют жабдықтары жеткізілмеген. Кәсіпкер алдын ала алған 646 миллион теңгені өз қалауынша жұмсаған.

Бұл істе зардап шеккен тараптардың қатарында мемлекеттік кәсіпорынмен бірге сақтандыру компаниясы да бар. Өйткені жеткізуші өз міндеттемесін орындамаған жағдайда тапсырыс берушіні қаржылық шығыннан қорғау үшін келісімшарт сақтандырылған.

Жабдықтар уақытында жеткізілмеген соң, сақтандыру компаниясы жасалған шарт негізінде "Қазспецэкспортқа" 646 миллион теңге өтемақы төлеген. Осылайша, сақтандырушы да қомақты шығынға ұшыраған.

Ал компания басшысы келтірілген залалды өтемеген. Сот айыпталушының кінәсін жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, аудиторлық қорытынды және тауар сараптамасының нәтижелері арқылы дәлелденген деп тапты.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды және қосымша жаза тағайындауды сұраған. Алайда ер адам өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды талап еткен.

Кәсіпкердің әрекеті қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, яғни “аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау” бойынша сараланған. Бұл қылмыс үшін ұрланған мүлік құнының үш еселенгеннен бес еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салу немесе мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Жаза тағайындау кезінде сотталушының кәмелетке толмаған екі баласы бар екені ескеріліп, бұл жеңілдететін мән-жай ретінде танылған. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Дегенмен сот қылмыстың ауырлығын және мемлекет пен сақтандыру компаниясына келтірілген залалдың өтелмегенін назарға алған.

Нәтижесінде айыпталушы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 6 жыл мерзімге қосымша жаза тағайындалды. Алайда соттың қысқаша хабарламасында қосымша жазаның нақты қандай екені көрсетілмеген.

Сотта келтірілген залалды өндіру мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен бұған дейін шешілгені атап өтілді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев қорғаныс министрінің орынбасарларын қабылдап, әскердің ең басты қажеттіліктерін қаржылық тұрғыдан өтеу және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша бірқатар міндет жүктеген еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 19:11