Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ана жоғары сынып оқушылары ұлына жыныстық сипаттағы әрекет жасағанын айтты: Ол оқиғаның мән-жайын баяндады

Сынып
Фото: istockphoto.com

Бұған дейін Қостанайда 6-сыныптың екі баласы 5-сыныптың баласын зорлағаны туралы ақпарат тараған болатын. Бүгінде Альбина есімді жәбірленушінің анасы оқиғаның мән-жайын толыққанды айтып, мән-жайды түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Альбина сол күні кешке дейін ұлының басынан қандай жағдай өткенінен бейхабар болған. Оның айтуынша, кешкі сағат тоғыздар шамасында үйіне учаскелік инспектор мен мектептің әлеуметтік педагогі келіп, баласына қатысты шұғыл түрде мектепке баруы керегін жеткізген.

“Сағат сегіздер шамасында ұйықтап кеткен едім. Бір кезде есік қағылды. Оны балаларым ашты. Сыртта полиция инспекторы мен мектептің әлеуметтік педагогі тұр екен. Олар балам туралы анонимді хабарлама келіп түскенін айтып, арнайы мамандардың да мектепке жиналғанын жеткізді. Содан кейін тез жиналып, мектепке баруымды сұрады. Бірақ не болғанын сол жерде түсіндірген жоқ”, — деп еске алады Альбина.

Мектепке жеткенде әйелді директор кабинетінде жиналған бірнеше маман күтіп алған. Олардың арасында прокуратура өкілі, кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін маман, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер болған. Кездесу барысында анасына ұлының мектепте жыныстық сипаттағы әрекетке тап болғаны хабарланған.

“Естігеніме сене алмай, не істерімді білмей қалдым”

Альбинаның айтуынша, оқиғаға алтыншы сыныпта оқитын екі бала қатысы бар. Олар бесінші сыныптағы ұлын мектеп әжетханасына алып кірген. Болған жағдайды сол уақытта әжетхана маңында жүрген жоғары сынып оқушысы көріп қалған.

“Маған балама қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет болғанын түсіндірді. Куәгердің айтуынша, ұлым тізерлеп отырған, ал алдындағы баланың шалбары шешулі болған. Тағы бір бала олардың қасында тұрған. Дәл сол сәтте есік ашылып, ішке куәгер кірген. Оны көрген ұлым бірден аузынан шығарып жіберіпті. Мұның бәрін көрген оныншы сынып оқушысы алғашында не істерін білмеген. Екі күн бойы анасына айту туралы ойланып жүріп, ақыры болған жағдайды жеткізген. Кейін анасы мектеп басшылығына, одан соң маған хабарласты”, — дейді әйел.

Альбина мектептегі кездесуде оған ары қарай қандай әрекет жасау керегі жөнінде таңдау берілгенін айтады. Яғни құқық қорғау органдарына арыз түсіру немесе түсірмеу мәселесін өзі шешуі керек болған.

“Менің шешімім қандай болатынын олар бірден білгісі келді. Мен жалғызбасты ана екенімді, бірақ бұл жағдайға көз жұма қарамайтынымды айттым. Не болса да, мәселенің заңды жолмен шешілгенін қалайтынымды жеткіздім. Құқық қорғау органдары өз міндетін заңға сай атқарсын дедім. Жиналыста кейбір түсініксіз әңгімелер де болды. Соған қарамастан ешкіммен керіспей, өз ойымды байыппен айттым”, — дейді Альбина.

Күдікке ілінген оқушылардың бірінің ата-анасы мектепте сабақ береді

Мектептегі кездесуден кейін Альбина болған жағдайды баласының әкесіне баяндаған. Ол мәселені жеке-жеке талқыламай, оқиғаға қатысы бар барлық тарапты бір жерге жинап, жағдайды анықтауды ұсынған. Осылайша, мектепке оқиғаға қатысы бар деп танылған оқушылардың ата-аналары да шақырылған. Альбина олардың бірімен отбасының бұрыннан таныс екенін айтады.

“Балама жәбір көрсетті деп отырған балалардың бірінің ата-анасын танимыз. Екеуі де сол мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Алғашында ешкімге шағым түсіріп, жанжал шығаруға ниетім болған жоқ. Әркімнің сөзін тыңдап, жағдайды түсінісу арқылы шешкім келді. Бірақ балалардың аналары мүлде басқа әрекетке көшті. Екеуі де жылап, айғайлап, өз балаларына қол көтеріп, ұрса бастады. Тіпті кейбірі есінен танып, құлап жатты. Осындай жағдайда өзім де бір мәселеге тап болып қалмаймын ба деп алаңдадым”, — дейді ол.

Қатарластары баланы қорқытып, болған жағдайды жасыруға мәжбүрлеген

Альбина биыл тамызда Алтынсарин ауылына қоныс аударған. Анасының мәліметінше, ұлына қатысты мұндай жағдай мектеп әжетханасында ғана болмаған. Ол бұған дейін де бірнеше рет қатарластарының жыныстық сипаттағы әрекетіне тап болған. Алайда балалардың қорқытуынан болған жайтты ешкімге айтпаған.

“Ұлымның айтуынша, мұндай оқиға үш мәрте болған. Алғаш рет моншада, кейін ауылдың шетіндегі асханада, соңғысы мектеп әжетханасында орын алған. Екі-үш бала оны үнемі мазалап жүрген. "Біреуге айтсаң, ұрып кетеміз" деп сес көрсеткен. Сондықтан балам болған жағдайды менен де жасырған”, — дейді Альбина.

Әйел ұлының қатарластары тарапынан басқа да қысым көргенін алға тартты. Оның сөзінше, балалар ұлын өзге оқушылардың ақшасын алуға итермелеген.

“Бір күні баламның қалтасынан ақша көріп, қайдан алғанын сұрадым. Ол сыныптастарынан ұрлап алғанын айтты. Сол кезде мұның дұрыс емес екенін түсіндіріп, оған ескерту жасадым. Кейін осы оқиғаға қатысты мән-жайлар белгілі болғанда, ұлым әлгі балалардың оны ақша ұрлауға да мәжбүрлегенін айтты. Енді осы іске қатысы бар балалардың да, олардың ата-аналарының да әрекетіне заң аясында баға берілгенін қалаймын. Ең бастысы, басқа балалар осындай жағдайға тап болмаса екен”, — дейді анасы.

Полиция істі тергеп жатыр

Болған жағдайға полиция департаменті де жауап берді. Өз жауабында департамент іс қозғалып қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді.

“Тергеу аяқталмай тұрып қорытынды жасамауға шақырамыз. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз”, – деп мәлімдеді жергілікті полиция департаменті.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Анасы айтқан жайттарға тергеу барысында құқықтық баға берілуі тиіс.

Еске сала кетейік, Қарағанды облысының Балқаш қаласында 13 және 15 жастағы екі жасөспірім қызға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалғаны туралы қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қыздардың туысы олардың бірнеше ай бойы соққыға жығылып, қорлық көргенін және жезөкшелікке мәжбүрленгенін мәлімдеді. 

Ислам Әден
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 18:13