Алматыда 9 жасар баланы көршісі зорлады деген күдікке ілінді
Алматыда 9 жасар балаға сексуалдық сипаттағы әрекет жасады деген күдікпен көршісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Баланың анасы полицияға бірден хабарласқанын айтса, құқық қорғаушы істің неге дереу тіркелмегеніне және күдіктінің не себепті бостандықта жүргеніне қатысты сұрақ қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құқық қорғаушы Ләззат Рақышева Threads желісіндегі парақшасында Алматы тұрғынының шағымы туралы жазған.
Оның айтуынша, оқиға 29 қыркүйекте мектептен кейін түскі үзіліс кезінде болған. Баланың анасы көршісі ұлын алдап, үйіне шақырып, оған сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасағанын айтқан.
Анасы бейнебақылау жазбасынан баласының көршісінің дәлізіне кіргенін көріп, бірден оны іздеуге барған.
"Оқиғадан кейін анасы бірден полицияға хабарлаған. Алайда оның айтуынша, кеше қылмыстық іс не себепті қозғалмағаны түсініксіз. Кешке ол күдікті ер адамның бостандықта жүргенін және подъезд маңында жүргенін көрген. Баласы оны көріп, қорқып кеткен", – деп жазды Ләззат Рақышева.

Құқық қорғаушы Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасының әрекетіне қатысты бірқатар сұрақ қойған. Атап айтқанда, арыздың неге бірден тиісті түрде қабылданып, тіркелмегенін және қажетті тергеу әрекеттерінің неге дереу жүргізілмегенін сұраған.
Алматы қаласының полиция департаменті дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Азаматтың жеке басы анықталды. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процестік шешім қабылданады", – деп мәлімдеді полиция.
Айта кетейік, күдіктінің кінәсі сот шешімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында 15 жастағы қызды зорлады деген күдікпен 22 жастағы көршісі ұсталды. Полицияның мәліметінше, күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Жәбірленушінің әпкесі қыздың оқиғадан кейін ауыр психологиялық жағдайға түскенін айтып, оның өзіне қол жұмсауды ойлағанын мәлімдеді. Полиция тергеу деректерін жарияламауға шақырды.
"Оңай" картасының ресейлік "Золотая корона" жүйесімен қандай байланысы бар: Алматы әкімдігі түсініктеме берді