Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында 15 жастағы қызды зорлады деген күдікпен 22 жастағы көршісі ұсталды

Шығыс Қазақстанда 13 жастағы қызды зорлаған ер адам 2 жылға сотталды
Фото: depositphotos.com

Ақтөбе облысында 15 жастағы қызды зорлады деген күдікпен 22 жастағы көршісі ұсталды. Жасөспірімнің әпкесінің айтуынша, оқиғадан соң қыз үйден кетіп, өз-өзіне қол жұмсауды ойлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

EGOV.PRESS Telegram арнасының мәліметінше, бүгінде қыз психологиялық ауыр қысымды бастан өткеріп жатыр.

“Ақтөбе облысының он бес жасар оқушысын 22 жасар көршісі зорлады. Енді қызды интернетте зақымдап жатыр.  Оқиға болған соң күдіктінің туыстары жәбірленушінің отбасына келді. Олар ақша ұсынып, қызды оған күйеуге беруге көндірмек болған”, – деп жазды арна. 

Қыздың әпкесі сіңлісінің оқиғадан соң ауылға кетіп қалғанын мәлімдеді. 

“Бүкіл отбасымызбен түнде ұйықтамадық. Біз қыз өзіне бірдеңе жасап қоймай ма екен деп қорықтық. Өкіріп жылады. Ол қазір ауылда. Ата-анасын сағынып, ауылға барды. Мен кеше түнімен онымен видео байланыста болдым. Қорықтым бала үшін. Ол үйден қашып кеткісі келді. Өзіне қол жұмсағысы келді. Қыз әлі кішкентей, соншалық қысым алғасын, өзі де не істерін білмейді”, – деп жылады әпкесі.

Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Ақтөбе олысының полиция департаментінен пікір сұрады. 

“Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде”, – деді ведомство.

Полиция сонымен қатар жұртшылықты тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария ету қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 07 Тамыз, 2026 15:35