Алматыда курьер түн ішінде әйелді зорлықтан арашалап қалды

Алматыда жеткізу қызметінің курьері түнгі уақытта әйелге жасалуы мүмкін ауыр қылмыстың алдын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Медеу ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде түнгі сағат 02:30 шамасында болған. Подъезден шығып бара жатқан курьер күзет бөлмесінен шыққан әйелдің көмек сұраған жанайқайын естіп, бірден араша түскен.
"Ол бір сәт те ойланбастан араласып, әйелге қатысты заңға қайшы әрекеттің жолын кесті", – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
ОқыңызПолицияның мәліметінше, оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктіні ұстап, Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізген. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Ведомство мұндай жағдайларда азаматтардың қырағылығы мен полицияның жедел әрекеті ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты тұрғындарды бейжай қалмай, құқық бұзушылықтың куәсі болған жағдайда бірден 102 арнасына хабарласуға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда есірткі қылмыстарын әшкерелеуге көмектескен курьер полицияға берген ақпаратының расталуына байланысты марапатталған. Азаматқа Құрмет грамотасы мен алғыс хаттан бөлек, iPhone 17 смартфоны және 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Қауіпсіздік мақсатында оның жеке басы жарияланған жоқ.
Ақтөбеде мешіт қызметкері намаз оқуға келген екі жасөспірімді аяусыз ұрып-соққан