Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бриллиант сыйлайды деп ойладым": Ақын Мөлдір Айтбай Өмірқұл Айниязовқа неге ренжігенін айтты

Мөлдір Айтбай, Өмірқұл Айниязов
Фото: Видеодан скриншот / Instagram.com/omirkul_ainiyazov

Ақын Мөлдір Айтбай “Мөлдір өлең” подкастында белгілі әнші Өмірқұл Айниязовпен арадағы түсініспеушілік туралы айтып берді. Ол өнер иесіне арнап ән жазғаннан кейін алған сыйлығына көңілі толмағанын жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақынның айтуынша, бәрі Өмірқұл Айниязовтан бір жілік ет сұраған кезден басталған. Әнші оның өтінішін жерге тастамай, інісі арқылы ет беріп жіберген. Кейін осы оқиға Мөлдір Айтбайдың жаңа туынды жазуына себеп болған.

“Өмірқұл ағадан етпен айналысатынын естіп, бір жілік ет сұрағанмын. Ол кезде әлі өлең жазылмаған еді. Ағам інісі арқылы беріп жіберетінін айтты. Барсам, расымен бір жілік ет тұр екен. Содан кейін ән дүниеге келді”, – деп еске алды ақын.

Алайда өнер адамдарының арасындағы сыйластық кейін күтпеген жағдайға ұласқан.

Мөлдір Айтбай 30 қыркүйекте өткен гранд-финалда Өмірқұл Айниязовтың жұбайы өзіне көпшіліктің көзінше алтын сақина сыйлағанын айтты. Әншінің жары оны ерекше құрметтеп, “Өмекеңнің он үшінші қабырғасы” деп атаған.

“Жеңгем сахнада сөйлеп, мені Өмірқұл ағаның он үшінші қабырғасы атанған қайынсіңлісі ретінде таныстырды. Сол сөздерді естігенде, шынымды айтсам, кем дегенде бриллиант жиынтық сыйлайтын шығар деп күттім. Сөйтсем, алтын сақина екен”, – деді ол.

Ақынның көңіліне тиген жағдай мұнымен аяқталмаған. Кейін ол әншіден тағы да ет сұраған. Өмірқұл Айниязов жақын арада мал сойылатынын айтып, өтінішін ескерген. Бірақ кейін еттің бағасы 3300 теңге екенін хабарлаған.

Мөлдір Айтбай дәл осы жайтқа қатты ренжігенін жеткізді. Оның айтуынша, мәселе ақшаның мөлшерінде емес, өзіне көрсетілген қарым-қатынаста болған. Ақын етті алуға өзі барып, әншінің баласына бұған дейін сахнада сыйға тартылған алтын сақинаны қайтарып берген.

“Бір ән жазып беріп, артынан бір қабырға етті сатып алатын болсам, ол сақинаны тақпай-ақ қояйын дедім. Баласына сақинаны әкесіне қайтарып беруін өтіндім. Осылайша арамыздағы есеп бітті деп ойладым”, – деді Мөлдір Айтбай.

Еске салайық, бұған дейін композитор Қуат Әбіл әнші Баянсұлудың репертуарындағы бірқатар хит әндердің авторы екенін айтып, ол үшін қаламақы төленбегенін мәлімдеді. Ал әнші Баянсұлу бұл айыптаулармен келіспей, композитор таратқан мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Әнші өз кезегінде әндер үшін ақы төлеуден бас тартпағанын, келісілген бағаның кейін үш есе өскенін, бірақ соңында Қуат Әбілмен ортақ мәмілеге келгенін хабарлады. Алайда екі сағат өтпей жатып, композитор ойын өзгертіп, әндерді барлық платформадан өшіруді талап еткен.

Кейінірек Bayansulu лақап атымен танымал әнші Баянсұлу мен композитор Қуат Әбіл бір келісімге келгенін хабарлады.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 18:47