Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқа әйел алу керек шығар деп ойладым": Өмірқұл Айниязов 21 жылдық сынақты еске алды

Өмірқұл Айниязов жарымен
Фото: Instagram.com/omirkul_ainiyazov

Әнші Өмірқұл Айниязов ұзақ жылдар бойы бала сүю жолында көрген қиындықтары туралы ашық айтты. Ол мұны Kesdesu Youtube арнасына берген сұхбатында әңгімеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өмірқұл Айниязовтың айтуынша, отбасы тек бала үшін сақталмауы керек. Ол ерлі-зайыптыны бірге ұстап тұратын басты күш – махаббат пен өзара сыйластық деп санайды.

“Махаббат –  бірінші болу керек. Кейбір адамдар “махаббат жоқ, бала үшін жүреді” деп жатады. Олай болмайды деп ойлаймын. Махаббат болмаса, біреудің қасына жату да оңай емес. Сондықтан бірінші махаббат, содан соң сыйластық, бағалау”, – деді әнші.

Өнер иесі жұбайымен бірге ұзақ жылдар бойы перзент күткенін де жасырмады. Айтуынша, 21 жыл бойы бала сүйе алмау екеуіне де оңай тимеген. Сол кезеңде оның ойына отбасын бұзуға дейін баратын түрлі ой келген.

“21 жыл бойы балалы бола алмай жүрген кезде адамның басына неше түрлі ой келеді. Мен де “мүмкін басқа әйел алу керек шығар” деп ойладым. Бірақ жалғыз баламның көзі мөлдіреп басқа жақта жүргенін елестете алмадым. Менің жүрегім ондайға дауаламады”, – деді ол.

Өмірқұл Айниязов кейінгі екі баласының ЭКО арқылы дүниеге келгенін де ашық айтты. Әнші мұндай мәселелерді жасырып, ұялатын нәрсе деп қабылдамау керек деп есептейді.

Оның сөзінше, отбасы ЭКО жолына 2013 жылдан бастап кірісіп, тек 2021 жылы сәбилі болған. Сондықтан әнші бұл үдерістің де жеңіл болмайтынын атап өтті.

“Жасырудың қажеті жоқ, кейінгі екі баламыз да ЭКО арқылы дүниеге келді. Оның өзі де оңай емес. Ол дүниемен 2013 жылдан бастап айналыссақ, 2021 жылы балалы болдық”, – деді Өмірқұл Айниязов.

Әнші бала сүйе алмай жүрген жұптарға уақытты созбай, мамандарға ертерек қаралуға кеңес берді. Өзінің бұл жолға кеш келгенін айтып, көп жағдайда адамдардың ел сөзінен қысылып, мәселені кейінге қалдыратынына тоқталды.

“Қазақылыққа салынып, елден ұялап қалмау керек. Көп жас балалармен әңгіме айтқанда “уақыт өткізбе, мәселені түбіне дейін шешу керек” деп айтамын”, – деді өнер иесі.

Өмірқұл Айниязовтың айтуынша, қиын кезеңдерде отбасыны сақтап қалуға махаббат, сабыр және бір-біріне деген сенім көмектескен.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 14 Тамыз, 2026 13:40