Азиядада аяқ киімі үшін алтыннан қағылған Ясмина Тоқсанбайдың ісі халықаралық спорт сотына жетті
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ясмина Тоқсанбайдың жағдайына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Жеңіл атлетика федерациясы спортшының ісі бойынша Спорттық арбитраж сотына жүгінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр бұл жағдайға бір адамды ғана кінәлау дұрыс емес деп есептейді. Өйткені жауапкершілік спорт комитетіне де, федерацияға да, Ұлттық олимпиада комитетіне де, жаттықтырушы мен спортшыға да ортақ.
"Ең бастысы – мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу. Бір адамды ғана кінәлау қиын, бұл жерде бәрінің жауапкершілігі бар. Қазір осы мақсатта жол картасын әзірлеп жатырмыз. Соттың түпкілікті шешімі шыққан соң, кімнің қандай жауапкершілік арқалайтынын қараймыз", – деді министр.
Мырзабосынов алдағы Олимпиада ойындарына дайындық кезінде спортшыларды қолдау маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, Ясмина Тоқсанбайдың Азия ойындарында көрсеткен нәтижесі Олимпиада медаліне таласуға мүмкіндік береді.
"Алда Олимпиада ойындары бар. Ясминаның Азия ойындарындағы нәтижесі оның Олимпиада жүлдесіне таласа алатынын көрсетеді. Сондықтан федерация оған бюджеттен тыс қаражатқа сатып алынған пәтердің кілтін табыстады. Сондай-ақ бұған дейінгі жоғары нәтижелерін ескеріп, Ясминаны мемлекеттік наградаға ұсындық. Біздің басты мақсатымыз – спортшыларға жан-жақты қолдау көрсету", – деді Ербол Мырзабосынов.
Министрдің айтуынша, федерация спортшыға бір бөлмелі пәтер берген. Ал мемлекеттік наградаға ұсыну туралы шешім оның бұған дейінгі халықаралық жарыстардағы жетістіктеріне байланысты қабылданған.

Еске салсақ, қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарында мәреге бірінші болып жеткенімен, аяқ киіміне байланысты алтын медалінен айырылған еді. Жарыс алдында оның аяқ киімі тексеріліп, қатысуға рұқсат берілген. Алайда жеңісінен кейін аяқ киімінің нақты моделі World Athletics ұйымының рұқсат етілген тізімінде жоқ екені анықталып, нәтижесі жойылған. Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы бұл шешімге шағым түсірген еді.
Наурыздағы кездейсоқ кадр: Қазақстандық апа итальяндық Vogue журналына қалай шықты