Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әндер енді менікі": Bayansulu мен композитор Қуат Әбілдің арасындағы даудың нүктесі қойылды

Баянсұлу мен композиторФото: Видеодан скриншот

Bayansulu лақап атымен танымал әнші Баянсұлу мен композитор Қуат Әбіл бір келісімге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Композитор бұл жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Қуат Әбіл Баянсұлу мен оның бұрынғы продюсері Әлішер Бурхановпен бірге видео түсірген. Өнер иесі мәселенің шешілгенін айтып, Баянсұлуға сәттілік пен табыс тіледі. 

“Баянсұлу қарындасымыз екеуміз туындаған мәселе мен дауға нүкте қойдық. Өзара келісімге келдік. Бір-бірімізге ешқандай өкпе-реніш жоқ. Қол алысып, сіздерге осындай видео үндеу жолдап отырмыз. Айып етпеңіздер. Бізбен Бірге болғандарыңызға рақмет”, – деді композитор. 

Әнші Баянсұлу да екі тарап арасында ешқандай келіспеушілік қалмағанын растады.

“Бізде бәрі шешілді. Екі жақта да ешқандай қарсылық қалмады. Айтарым осы”, – деп қысқа қайырды ол.

Бұған қоса, әнші парақшасында жазба қалдырып, жағдайдың қалай шешілгенін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, ол әндерді сатып алған.

“Құттықтап қойсаңыздар болады, өнердегі үлкен ағалардың ақылымен, көмегімен, екі жақ келісіп, бұл мәселе шешілді. Әндердің төлем ақысын төлеп, сатып алдым. Әндер енді менікі”, – деп жазды ол.

Оқиғаның мән-жайы

Бұған дейін композитор Қуат Әбіл әнші Баянсұлудың репертуарындағы бірқатар хит әндердің авторы екенін айтып, ол үшін қаламақы төленбегенін мәлімдеді. Қуат Әбілдің сөзінше, шығармашылық жолының басында әнші оған ақша маңызды емес екенін, ең бастысы – танымал болу екенін айтқан. Сол себепті композитор бар күшін салып, сапалы әндер жазып бергенін айтады. Бірақ уақыт өте келе оның еңбегі бағаланбай қалған.

Қуат Әбіл Баянсұлу бұрынғы продюсерімен жұмысын тоқтатқаннан кейін, жаңа командасымен бірге өзіне қайта жүгінгенін айтты. Ал композитор тиесілі қаламақысын төлеуді сұрағанда сотқа шақырту қағаз алған. Енді ол елден әділдік сұрап отыр.

“Менің бес балам бар. Көмек сұрап келген кезде барымды салып, жақсы әндерімді бердім. Танылып алғаннан кейінгі қарым-қатынас осындай болды. Сонда әділдік қайда?” – деді ол видеоүндеуінде.

Ал әнші Баянсұлу бұл айыптаулармен келіспей, композитор таратқан мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Баянсұлу Қуат Әбілдің қолына тиген сотқа шақыру қағазының әнге еш қатысы жоқ екенін ашық айтты. 

Әнші өз кезегінде әндер үшін ақы төлеуден бас тартпағанын, келісілген бағаның кейін үш есе өскенін, бірақ соңында Қуат Әбілмен ортақ мәмілеге келгенін хабарлады. Алайда екі сағат өтпей жатып, композитор ойын өзгертіп, әндерді барлық платформадан өшіруді талап еткен. 

Қазір тараптар арасында авторлық құқық пен қаламақыға қатысты дау әлі де жалғасып, мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 17:55