Таразда кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалды әлдекімдер қиратып кеткен
Тараз қаласындағы Қарасу шағынауданындағы зиратта орналасқан кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалды әлдекімдер қиратып кеткен. Оқиғаға байланысты вандализм дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл мемориал Тараз қаласы әкімдігі мен Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығының бірлескен жұмысы аясында толық абаттандырылып, қайта жаңартылған.
Алайда белгісіз адамдар ескерткішті қиратып кеткен. Әкімдік оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарына арыз жолданып, қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді. Қазір құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен жағдай ерекше бақылауға алынған. Сондай-ақ мемориалды қалпына келтіру жұмыстары да әкімдіктің бақылауында болады.

Әкімдіктің хабарлауынша, ескерткіш жақын арада толық қалпына келтіріледі. Тергеу аяқталғаннан кейін кінәлілерге қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Облыстық полиция департаменті де ескерткішті қорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір күдіктілерді анықтап, ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция өкілдері құқық бұзған адамдар заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағандыда әлдекімдер Бауыржан Момышұлының құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаны қиратып кеткені туралы жазған едік.
Жамбыл облысында оқушының жүрегі тоқтап, жансақтау бөліміне түсті: Туыстары оның әлімжеттік құрбаны болғанын айтты