Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл басыну ма, әлде надандық па?": Жазушы Бейімбет Майлиннің ескерткішіне мініп алған қыз жазаланды (видео)

Майлиннің ескерткішіне отырған қыз
Фото: Видеодан скрин

Астанада 18 жастағы қыз қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің ескерткішінің мойнына мініп, фотосессия жасаған. Әлеуметтік желіде тараған видео қоғамның ашуын туғызып, полиция бойжеткенді жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға Астанадағы Абай даңғылы бойындағы "Үш арыс" монументі орналасқан Жазушылар аллеясында болған. Аталған композиция Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және Ілияс Жансүгіровке арналған.

Видеодан қыздың ескерткіш композициясындағы мүсіндердің біріне шығып, Бейімбет Майлин ескерткішінің мойнына отырған. Сол сәтте оны құрбысы суретке түсіріп тұрған.

Осы жағдайды журналист Дүйсенәлі Әлімақын байқап қалып, видеоға түсіріп, Facebook желісінде жариялаған.

“Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. Ашу қысып қасына жетіп барып "бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?" десем, көздері адырайып. “Что, что деуден ары аспады”. Сөзіме дәлел ретінде олардың бұл топастығын видеоға түсіріп алдым. Еш ұялу, кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па?” – деп жазған журналист Дүйсенәлі Әлімақын.

Оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік қыздың әрекетін қатаң сынға алды. Оқырмандардың басым бөлігі мұндай әрекетке берілген жаза тым жеңіл деп есептейді.

“2 миллион теңге айыппұл салу керек еді, келесіде білетін болар еді", "Жеңіл жаза. Қолына сыпырғыш беріп, алты ай көше сыпырту керек еді", "Өз ұлтымыздың зиялыларын қорғау – парызымыз. Қарапайым гүл жұлғандарға үлкен айыппұл салынды, ал тарихи ескерткіштерге келгенде неге жаза жеңіл?" – деп жазды желі қолданушылары.

Видео тарағаннан кейін Астана қалалық полиция департаменті пікір білдірді. 

"Әлеуметтік желіде қыздың фотосуретке түсу барысында Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып, мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік танытқаны бейнеленген видео тарады. Полиция қызметкерлері 18 жастағы Астана тұрғынын анықтап, "Байқоңыр" ауданы Полиция басқармасына жеткізді. Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауаптылыққа  тартылды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды", – деп жауап берді Астана полиция департаменті.

Полиция мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және мәдениет нысандары мен тарихи мұраларға ұқыпты әрі құрметпен қарау қажеттігін ескертеді.

Айта кетейік, "Үш арыс" композициясының тұғырында жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат беретін QR-код орнатылған. Бейімбет Майлин қазақ әдебиетінің негізін қалаған көрнекті қаламгерлердің бірі. Жетімдіктің тауқыметін ерте көрсе де, білім алып, елдің сауатын ашуға бар ғұмырын арнаған. Ол оқулықтар жазып, газет-журналдарда еңбек етіп, қазақ журналистикасы мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосты. "Еңбекші қазақ", "Социалистік Қазақстан", "Қазақ әдебиеті" секілді басылымдарды басқарған Майлин халықтың мұңын жазған қаламгер ретінде танылды. Алайда 1938 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болып, жазықсыз атылды.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 16:48