Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда әлдекімдер Бауыржан Момышұлының құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаны қиратып кеткен (видео)

Вандализм
Фото: Видеодан скрин

Қарағандыда белгісіз біреулер даңқты батыр Бауыржан Момышұлының аты берілген төбеде орнатылған мемориалдық тақтаны қиратып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ескерткіш тақтаны орнатқан “Скиф” тау клубының жетекшісі Төлеген Әшімовтың айтуынша, мемориалдық тақта 2025 жылдың желтоқсанында батырдың 150 жылдық мерейтойына орай 720 метр биіктікте орнатылған көрінеді. Жуырда әлдекімдердің ескерткіш тақтаны қиратып кеткені белгілі болды. 

Оқиғаға әлеуметтік желі қолданушылары да наразылық білдіріп, кінәлілерді қатаң сынға алды.

"Бауыржан Момышұлы төбесінде мемориалдық тақта болған. "Болған" дейтін себебім – әлдебір оңбағандар оны таспен атқылап, қиратып кеткен. Cендер қай жерде тәрбиелендіңдер? Осындай әрекетке баратындай етіп сендерді кім тәрбиеледі?", – деді Иван Стрижаков есімді желі қолданушысы.

Қарағанды облыстық полиция департаменті мемориалдық тақтаның бүліну дерегі бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға, мемориалдық тақтаны бүлдіруге қатысы бар адамдарды табуға, сондай-ақ келтірілген материалдық шығын көлемін айқындауға бағытталған қажетті тексеру және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр", – делінген полиция хабарламасында. 

“Скиф” тау клубының жетекшісі Төлеген Әшімов қираған мемориалдық тақтаның орнына жаңасын орнатуға ниетті екендерін атап өтті. 

Еске салсақ, бұған дейін Астанада жазушы Бейімбет Майлиннің ескерткішіне мініп алған қыз жазаланғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 19:21