Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда табиғи маңызы бар аймақты туристер әсерлі видео үшін көлігімен бүлдірген

дрифтФото: Видеодан скрин

Ақтаулық экобелсенді Азамат Сәрсенбаев туристердің Маңғыстау облысындағы Айрақты-Шоманай шатқалында жасаған әрекетіне наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогер жариялаған видеода жол талғамайтын көлік жүргізушілерінің борлытаудың етегінде дрифт жасап жүргенін көруге болады. Соның салдарынан дала топырағы бүлініп, шаң көтеріліп, өсімдік жамылғысына зиян келген. 

Сәрсенбаев бұл аумақта Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін соғды қызғалдағы өсетінін жеткізді. Оның айтуынша, көлік дөңгелектері бірегей экожүйені жойып жатыр.

“Бұл жер Қамалдар алқабы емес, қоқыс пен вандализм орнына айналып барады. Демалушылардың ойсыз әрекетінен ерекше табиғи мекен жансыз шөлге айналып жатыр”, – деді блогер.

Желі қолданушылары да оның пікірін қолдап, өңір табиғатына орны толмас зиян келіп жатқанын жазды. Көпшілік шатқалға кіреберісте бақылау бекеттерін орнатып, айыппұлды күшейтуді талап етті. Олардың пікірінше, кей туристер табиғат аясында тыныштық сақтаудың орнына қатты әуен қойып, қоқыс қалдырып, айналаны ластап кетеді.

Айта кетейік, бұған дейін блогер Азамат Сәрсенбаев 20 тәулікке қамауға алынғаны туралы жазған едік. Ол бұған дейін Ақтау маңындағы ұшақ апаты болған орынды түсіргені үшін ұсталған еді.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 16:36