Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Саяхатшы әйел чемоданындағы заттарға байланысты өлім жазасына кесілуі мүмкін

бразилиялық әйел
Фото: thestar.com

Индонезияның Бали аралында Бразилия азаматшасы есірткі контрабандасы күдігімен ұсталды. Оның жолжүгінен жеке гигиена құралдарына жасырылған 3,6 келіден астам сұйық кокаин табылған. Әйелге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тhe Star басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, 36 жастағы әйел өткен сейсенбіде Бразилиядан Бали аралына ұшып келген. Әуежайда полиция мен кеден қызметкерлері оның жолжүгін тексеру кезінде жеті құты сусабын мен басқа да жеке күтім құралдарының ішінен 3,6 келіден астам сұйық кокаин тапқан.

Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл Бали аралында тәркіленген сұйық кокаиннің ең ірі партияларының бірі.

Ұсталған әйелдің сөзінше, оған Бразилия азаматы есірткіні Балидегі белгісіз бір адамға жеткізуді тапсырған. Бұл қызметі үшін оған 50 мың АҚШ доллары төленуі тиіс болған.

Индонезияда есірткі саудасына қатысты заң қатаң. Есірткі тасымалдағаны үшін кінәлі деп танылғандарға өлім жазасына дейін жаза тағайындалуы мүмкін. Алайда елде бірнеше жылдан бері өлім жазасын орындауға мораторий жарияланған.

Қазіргі уақытта Индонезияда шетелдік есірткі тасымалдаушыларының ондағаны өлім жазасын күтіп отыр. Ал бразилиялық әйелдің ісі бойынша сот оны кінәлі деп тапса, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Индонезияда өлім жазасы соңғы рет 2016 жылы орындалған. Сол кезде есірткі қылмыстары үшін сотталған Индонезия азаматы мен Нигерияның үш азаматы ату жазасына кесілген.

Еске салсақ, Балиде жезөкшелікке қатысы бар деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталғанын жазғанбыз. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 22:54