Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда полицейлер печеньенің ішінен есірткі тапты (видео)

Печенье
Фото: Видеодан скрин

Алматыда полицейлер печеньенің ішіне жасырылған, өсімдік тектес 150 грамға жуық есірткі затын тәркіледі. Есірткі заттарын заңсыз айналымға шығарды деген күдікпен қала тұрғыны ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел шаралар барысында қолға түскен.

"Жеке тінту және тұрғылықты жерін тексеру кезінде өсімдік тектес, өзіне тән иісі бар 150 грамға жуық зат табылды. Назар аудартқан жайт – есірткінің жасырылған орны. Тыйым салынған зат печеньенің ішіне салынған", – делінген полиция хабарламасында.

Сонымен қатар күдіктіден электронды таразылар, ZIP-пакеттер, оқшаулағыш таспа мен пластилин тәркіленді. Аталған заттар іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, полицейлер күдіктінің есірткі саудасына қатысты басқа да деректерге қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін ресейлік рэпер NAVAI Қазақстан шекарасында есірткімен ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Артынша NAVAI-ға қатысты қылмыстық іс бірден тоқтатылып, Қазақстаннан шығарылғаны белгілі болды. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 21:13