Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Есірткімен ұсталған рэпер Navai-ға қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, Қазақстаннан шығарылды

Navai

Қазақстан шекарасында есірткі контрабандасына күдікпен ұсталған ресейлік танымал әнші Navai (Наваи Бакиров) бостандыққа шықты. Оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, ел аумағынан шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әншіге қатысты қылмыстық іс оның алғаш рет құқық бұзғаны және жасаған ісіне шын өкінгені ескеріліп, ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған. 

“Ресейлік рэп орындаушысына қатысты қылмыстық іс оның құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және шын өкінгені ескеріліп, қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды”, – деп хабарлады полиция департаменті.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, бұл шешімді прокуратура мақұлдаған. Ал шетелдік әнші Қазақстан аумағынан шығарылған.

Айта кетейік, істің ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылуы әншінің толық ақталғанын білдірмейді. Яғни оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылғанымен, оның әрекетінде құқықбұзушылық белгілері болмағаны туралы шешім қабылданған жоқ.

Navai не үшін ұсталды?

Еске салайық, 13 қазанда ресейлік рэпер Наваи Бакиров Қырғызстаннан Қазақстанға кіреберістегі “Қордай” шекара бекетінде ұсталған еді.

Полиция мен шекара қызметкерлері әнші отырған көлікті тексеру кезінде есірткі затын тауып, тәркілеген. Осыдан кейін есірткі контрабандасына оқталу дерегі бойынша соталды тергеу басталды.

Әнші уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған. Тергеу есірткі контрабандасы мен есірткіні заңсыз сақтауға қатысты екі бап бойынша жүргізілген. 

Негізі Navai 14 қазанда Астанада концерт беруі керек еді. Алайда әнші ұсталғаннан кейін концерт өтпей қалды. Ұйымдастырушылар мұны техникалық себептерге байланысты деп түсіндірді.

Бұған дейін әншінің адвокаты Рена Керимова оны кепілмен босатуға күш салып жатқанын мәлімдеген. Сондай-ақ адвокаттың айтуынша, Navai қамауда отырған кезінде жаңа әндер жаза бастаған. 

Navai туралы не белгілі?

Наваи Бакиров – әзірбайжан текті ресейлік әнші әрі рэпер. Ол HammAli & Navai дуэтінің құрамында кеңінен танылды.

Өнер иесінің “Пустите меня на танцпол”, “Прятки”, “Девочка-война” сияқты әндері тыңдарман арасында танымал. Сондай-ақ ол қазақстандық әнші Jah Khalib-пен бірге шығармашылық жобаларға қатысқан.

Әншінің Қазақстанда ұсталуына байланысты Қырғызстанда да тексеру басталған. Қырғыз тарапы есірткі заты бар көліктің шекарадан қалай өткенін анықтауға кіріскен.

Сонымен қатар Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы әншінің ұсталу мән-жайын ресми түсіндіруді сұрап, қазақстандық тарапқа нота жолдаған. СІМ мұндай дипломатиялық сауал жолдаудың қалыпты рәсім екенін мәлімдеген. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 14:03