Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Есірткімен ұсталған ресейлік рэпер NAVAI-дің серіктері босатылды

есірткі Navai
Фото: instagram.com/navaib/

Navai сахналық атымен танымал Навайи Бакировтің көлігінен есірткі табылып, ұсталды. Алайда оның жанындағы екі серігі Қазақстан шекарасында босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Mash Telegram арнасының мәліметінше, босатылғандар көлік жалдау шарты рәсімделген Халмурад Манапов пен әртістің концерттік директоры Рауф Гасанов. Автордың жазуынша, көлік тізгінінде рэпердің өзі болғандықтан қазір қамауда тек әртістің өзі қалған. 

Айта кетейік, Гасанов концерттердің техникалық себептерге байланысты тоқтатылғанын хабарлады. Оның айтуынша, концерттердің жаңа күні жақын арада жарияланады.

"Көңілдеріңізді қалдырғаным үшін кешірім сұраймын. Бұл кездесуді қаншалықты асыға күткендеріңізді білемін. Билеттер жарамды, ал ақшаны билеттерді сатып алған жерге барып, қайтаруға болады", – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Алайда Гасанов рэпердің ұсталуына қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Еске салайық, 13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі "Қордай" өткізу пунктінде полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесіп, NAVAI лақап атымен танымал шетелдік азаматты ұстады. Әнші мінген көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленді. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 10:37