Петропавлда жүзу жаттықтырушысы психотроптық заттармен ұсталды
Петропавлда жүзу жаттықтырушысы психотропты таблеткалармен ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаладағы "Дельфин" спорт кешенінің 35 жастағы жаттықтырушысы есірткіге қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды.
Полиция қызметкерлері жаттықтырушыдан күшті әсер ететін "прегабалин" дәрісінің төрт қаптамасын тәркіледі. Барлығы 56 таблетка болған. Анықталғандай, спортшы бұл дәріні дәрігердің бақылауынсыз және тағайындауынсыз алған.
Сонымен қатар жаттықтырушыдан тек дәрілік заттар ғана емес, медициналық тексеріс кезінде оның қанынан каннабиноидтардың іздері анықталған.
Оқиғаға қатысты спорт басқармасы да пікір білдірді. Басқарма өкілдері жағдайға қатысты әзірге нақты баға беруден бас тартқан.
"Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Құқық қорғау органдарының әрекеті мен тиісті процессуалдық шараларды жүргізу мәселелері уәкілетті органдардың құзыретіне жатады. Басқарма өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсетіп, тексеру мен тергеудің ресми нәтижелеріне сүйенетін болады", – делінген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Құқық қорғау органдары тек дәріні сатып алған адамды ұстаумен шектелмей, оның жеткізілу тізбегін анықтап, нақты сауда нүктесіне шыққан.

Белгілі болғандай, ер адамға аталған дәрілік заттарды жергілікті дәріхана сатқан. Фармацевтке қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аяқталғанға дейін полицейлер дәрігердің тағайындауымен берілетін дәрілердің барлық түрін тәркіледі. Соның салдарынан кәсіпкерлік нысанның жұмыс істеу мүмкіндігі шектелген.
"Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полиция күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатысты бес деректі, сондай-ақ мұндай заттарды сақтау және айналымға енгізу ережелерін бұзудың үш дерегін анықтады", – делінген полиция хабарламасында.
Қазақстан бойынша "Дәрмек" арнайы операциясы аясындағы жұмыстар да күшейтілген. Бірнеше күннің ішінде құқық қорғау органдары 1,5 мыңнан астам дәріхана мен медициналық мекемені тексеріп, 142 өндірістік кәсіпорынға бақылау жүргізді. Тексеру нәтижесінде 249 әкімшілік хаттама толтырылып, заңсыз айналымнан құрамында есірткі заттары бар 28 мың дәрілік препарат тәркіленді.
Ішкі істер министрлігі кейбір фармацевтердің қауіпті медициналық препараттарды әлі де рецептсіз сататынын атап өтті.
Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Мұндай заттарды заңсыз сақтау және оларды өткізудің көлеңкелі жолдары үшін кінәлілерге 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте танымал асаба Сабыржан Түзелбаев есірткі айналымына қатысты күдікпен ұсталғаны туралы жазған едік.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы