"Үндемей қалуға болмайды": Продюсер Жан Мұқанов шоу-бизнестегі есірткі мәселесіне дабыл қақты
Продюсер Жан Мұқанов шоу-бизнестегі есірткіге тәуелділік мәселесін көтерді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында бұл тақырыпты өнер ортасында ашық айту керегін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Продюсердің сөзінше, мәселе ішімдікпен ғана шектелмейді. Оны синтетикалық есірткінің, соның ішінде мефедрон, “кристалл” деп аталатын заттар мен түрлі стимуляторлардың тез таралуы көбірек алаңдатады.
Жан Мұқанов мұндай тәуелділік бір адамның ғана өміріне әсер етпейтінін айтады. Оның зардабын отбасы, шығармашылық топ, көмекшілер, серіктестер мен концерт ұйымдастырушылары да тартады.
“Эстрададағы ең қауіпті мәселелердің бірі – есірткіге тәуелділік. Бұл тек бір адамның жеке мәселесі емес. Оның зардабын отбасы, команда, серіктестер, ұйымдастырушылар – айналасындағы адамдардың бәрі тартады. Есірткі – таланттың да, табыстың да бір бөлігі емес. Бұл туралы үндемей қалмай, ашық айтуымыз керек. Өйткені бүгін елемеген мәселе ертең үлкен трагедияға айналуы мүмкін”, – деп жазды продюсер.

Ол нақты бір өнер иесінің атын атаудан бас тартқан. Алайда әртістің жұмысты жиі тоқтатуы, із-түзсіз жоғалып кетуі, оғаш мінез көрсетуі немесе міндеттемелерін орындамауы күмән туғызатынын жазды.
Продюсердің пікірінше, тәуелділікке тек “әртістің жеке мәселесі” деп қарауға болмайды. Себебі оның салдарынан айналасындағы адамдар зардап шегіп, тұтас шығармашылық ұжымның жұмысы бұзылуы мүмкін.
Жан Мұқанов шоу-бизнес өкілдерін бұл мәселені жасырмай, ашық талқылауға шақырды. Оның айтуынша, мәселені елемеу оның салдарын одан әрі ауырлатуы ықтимал.
Еске салайық, бұған дейін Жан Мұқановтың продюсерлік компаниясы әнші Төреғали Төреәлінің концерттік және гастрольдік іс-шараларын уақытша тоқтататыны хабарланған еді. Бұған Павлодардағы оқиға себеп болды. Әртіс сол жердегі ипподромның ресми ашылуында өнер көрсетуі керек еді, бірақ бұрын қол қойылған міндеттемелерге қарамастан, қатыса алмады.
Мұқанов жағдайды жақында Шымкентте өткен концерт қиындатып жібергенін, ол продюсерлік компанияның келісімінсіз өткенін атап өтті. Осыдан кейін команда Алматы қаласы күніне және күзгі халықаралық турнеге арналған концерттерді қоса алғанда, барлық жоспарланған қойылымды тоқтату туралы шешім қабылдады.
Таразда жүкті әйелді жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып кеткен: Ол тергеу жүргізілмегеніне шағымданды