Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның 2026 жылы ең көп пайда тапқан 10 банкі белгілі болды

Банктер
Фото: ЖИ

Қазақстан банктері 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 1,81 триллион теңге таза пайда тапты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен шамамен 238 миллиард теңгеге аз. Пайданың басым бөлігі ірі банктерге тиесілі. Таза пайда көлемі бойынша алғашқы ондық сектордағы жиынтық нәтиженің шамамен 90,7%-ын қалыптастырған. Stan.kz банктердің қаржылық нәтижелерін салыстырды.

 

Банк секторының пайдасы азайды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде банктердің таза пайдасы 1,812 триллион теңге болды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға төмен. 

2025 жылдың алғашқы тоғыз айында сектор шамамен 2,05 триллион теңге таза пайда тапқан. Осылайша, бір жылдағы төмендеу шамамен 238 миллиард теңгені құрады.

Сонымен қатар банктердің активтері мен кредиттік портфелі ұлғайған. 2026 жылғы 1 қазанда Қазақстанда 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істеген. Олардың жиынтық активтері жыл басынан бері 8,6%-ға өсіп, 76,8 триллион теңгеге жетті. Экономикаға берілген кредиттер портфелі 43,1 триллион теңге болды.

Банк активтерінің өсуі таза пайданың дәл сондай қарқынмен ұлғаюына кепіл болмайды. Таза пайда кірістерден шығыстар мен салықтар шегерілгеннен кейін қалыптасады.

Сектордың табыстылығы да төмендеген. Агенттік дерегінше, 2026 жылғы 1 қазанда активтердің рентабельділігі - ROA 3,5%, ал меншікті капиталдың рентабельділігі - ROE 22,7% болды. Бір жыл бұрын осы көрсеткіштер тиісінше 4,4% және 29,9% болған. Бұл банктердің активтері мен капиталына шаққандағы табыстылығы азайғанын көрсетеді.

Ең көп таза пайда тапқан 10 банк

Бірінші орында Halyk Bank тұр. Банк 2026 жылдың тоғыз айында 694,3 миллиард теңге таза пайда тапқан. Екінші орындағы Kaspi Bank-тің нәтижесі 349,7 миллиард теңге болды. Үздік үштікті 161 миллиард теңгемен Центр Кредит Банкі түйіндейді. 

Осы үш банктің жиынтық пайдасы 1,205 триллион теңгеге жеткен. Бұл сектордағы таза пайданың шамамен 66,5%-ына тең. Ал алғашқы ондықтың жиынтық нәтижесі шамамен 1,643 триллион теңге немесе сектор пайдасының 90,7%-ын құрады. 

2026 жылдың қаңтар–қыркүйегінде ең көп таза пайда тапқан 10 банк

кесте банктер
Фото: Stan.kz / ЖИ

Дереккөз: Ұлттық банк деректеріне негізделген Halyk Finance-тің 2025 және 2026 жылдардың қыркүйегіне арналған шолулары. Сомалар жуықталған. Үлестер 2026 жылғы сектордың жиынтық таза пайдасына қатысты есептелді. 

Алғашқы ондықта қай банктер нәтижесін жақсартты?

Алғашқы ондықтағы төрт банк қаржылық нәтижесін жақсартқан.

  1. Отбасы банктің таза пайдасы былтырғы 86,1 миллиард теңгеден 127,1 миллиард теңгеге жетті. Өсім шамамен 41 миллиард теңгені немесе 48%-ды құрады. Пайдамен жұмыс істеген банктер арасындағы пайыздық өсім бойынша алғашқы ондықта осы банк алда тұр.
  2. Ситибанк Қазақстанның пайдасы 60,9 миллиард теңгеден 77,8 миллиард теңгеге өскен. Бұл шамамен 17 миллиард теңгеге немесе 28%-ға артық.
  3. Home Credit Bank-тің таза пайдасы 34,7 миллиард теңгеден 36 миллиард теңгеге дейін ұлғайған.
  4. Freedom Bank былтырғы тоғыз айды 16,1 миллиард теңге шығынмен аяқтаса, биыл осы кезеңде 28,9 миллиард теңге пайда көрсеткен. Екі кезең арасындағы оң өзгеріс шамамен 45 миллиард теңге болды. 

Қай банктердің пайдасы көбірек қысқарды?

Ақшалай мәнде ең үлкен төмендеу Kaspi Bank-те тіркелген. Оның таза пайдасы шамамен 73 миллиард теңгеге немесе 17%-ға азайып, 349,7 миллиард теңге болды.

ForteBank-тің пайдасы шамамен 40 миллиард теңгеге немесе 29%-ға қысқарып, 99,6 миллиард теңгені құраған. Алғашқы ондықтағы пайыздық төмендеу бойынша ең үлкен көрсеткіш осы банкке тиесілі.

Центр Кредит Банктің пайдасы шамамен 35 миллиард теңгеге немесе 18%-ға азайған. Halyk Bank бірінші орнын сақтағанымен, оның нәтижесі былтырғыдан шамамен 33 миллиард теңгеге немесе 4,5%-ға төмен болды.

Bank RBK мен ВТБ Банкінің таза пайдасы да азайған. Соған қарамастан, кестедегі он банктің барлығы 2026 жылдың тоғыз айын пайдамен аяқтаған.

Банктердің табысына не әсер етуі мүмкін?

2026 жылдан банктердің салық салынатын табысына сараланған корпоративтік табыс салығы қолданылады. Кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеуден түсетін табыс үшін мөлшерлеме 20%, ал өзге банктік қызмет бойынша 25% болып белгіленген. Бұл өзгеріс банктердің салықтан кейінгі таза пайдасына ықпал етуі мүмкін. 

Сектордың кіріс көрсеткіштері де әркелкі өзгерген. Halyk Finance дерегінше, тоғыз айдағы таза пайыздық кіріс 3,162 триллион теңге болып, бір жылда небәрі 1%-ға өскен. Бұл көрсеткіш пайыздық кірістер мен пайыздық шығыстардың айырмасын білдіреді.

Ал таза комиссиялық кіріс 25,5%-ға азайып, 356 миллиард теңгені құраған. Оған аударымдар, төлемдер, карталарға қызмет көрсету және басқа операциялар бойынша комиссиялық кірістер мен тиісті шығыстардың айырмасы кіреді. 

Сектор пайдасының жартысынан көбі екі банкке тиесілі

Halyk Bank пен Kaspi Bank-тің жиынтық таза пайдасы шамамен 1,044 триллион теңге болды. Бұл Қазақстандағы банк секторы пайдасының 57,6%-ына тең. Ал алғашқы ондықтың үлесі шамамен 90,7%-ға жеткен. 

Сектордың жалпы пайдасы төмендегенімен, банктердің нәтижесі әртүрлі қалыптасқан. Алғашқы ондықта Отбасы банк, Ситибанк Қазақстан және Home Credit Bank пайдасын арттырған, Freedom Bank шығыннан пайдаға шыққан. Қалған алты банктің таза пайдасы былтырғы сәйкес кезеңнен төмен болған. 

Айта кетейік, бұған дейін біз Қазақстандағы ең қымбат 10 компанияны анықтап, олардың нарықтық құны мен қаржылық нәтижелерін салыстырған еді. Рейтингке Halyk Bank пен Kaspi.kz те енген.

Айнура Дарибаева
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 17:40