Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"28 жасымда өзім салдым": Азамат Сатыбалды 580 шаршы метрлік төрт қабатты зәулім үйін көрсетті

Азамат Сатыбалды үйін көрсетті
Фото: Instagram.com/azamatc/

Танымал актер әрі продюсер Азамат Сатыбалды 28 жасында салған төрт қабатты зәулім үйін көпшілікке көрсетті. Өнер иесі баспанасын тұрғызу тарихын айтып, неліктен осы күнге дейін үйінің ішкі көрінісін өзгертпегенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актер спортшы Еркебұлан Тоқтарды үйіне қонаққа шақырып, баспанасының әр қабатын аралатқан. Әңгіме барысында ол үйді жас кезінде өз күшімен тұрғызғанын жеткізді.

“Бұл үйді 28 жасымда өзім салдым. 30 жасымда көшіп кірдім. Содан бері осында тұрамын, ештеңесін өзгертпедім. Ол кезде тәжірибеміз жоқ, қызығып, қабаттарын көбейте бергенбіз. Сөйтіп, төрт қабатты үй болып шықты. Жалпы аумағы – 580 шаршы метр”, – деді актер.

Өнер иесі үйдің ішкі көрінісін де таныстырды. Классикалық үлгіде безендірілген баспанада кең қонақ бөлмелер, жатын бөлмелер және актердің жеке заттары сақталған арнайы орындар бар.

Азамат Сатыбалдының айтуынша, жұбайы Назгүл Қарабалина бірнеше рет үйдегі жиһаздарды жаңартуды ұсынған. Алайда актер ата-анасынан қалған бұйымдарды естелік ретінде сақтап қалуды жөн көрген.

Сондай-ақ ол үйінің төртінші қабатын жеке шығармашылық мұрағатына арнаған. Мұнда актердің театр сахнасында және кино түсірілімдері кезінде киген костюмдері жинақталған.

Бұдан бөлек, қабырғаларға Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлының портреттері ілінген. Актердің сөзінше, ұлт зиялыларының суреттері оған әрдайым ой салып, ел алдындағы жауапкершілігін еске түсіреді.

Өнер иесінің үйін көрсеткен бейнежазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Көпшілік актердің отбасылық құндылықтарға деген көзқарасын жоғары бағалап, жылы лебіздерін білдірді.

“Өнерде ғана емес, күнделікті өмірде де мықты азамат екен”, “Азамат аға мен Назгүл әпкеге құрметім артты”, “Нағыз қазақы тәрбие, текті, үлгілі отбасы”, “Ата-анасының көзіндей болған дүниелерді сақтап отырғаны қандай керемет”, – деп жазды желі қолданушылары.

Еске салайық, бұған дейін танымал кәсіпкер Тұрсенғали мен белгілі продюсер Баян Алагөзовтердің баспанасы қазақстандықтарды таңғалдырғаны хабарланған еді. Зәулім үйі Алматы маңындағы тау бөктерінде орналасқан. Сәнді вилланың аумағы 2 мың шаршы метрден асады, ал оған тиесілі жер телімі жалпы 4 гектарды алып жатыр. Осы аумақта үй, үлкен киіз үй, жылыжайлар мен балалар алаңы орналасқан. Ең басты артықшылық – аумақтың да, үйдің де кез келген тұсынан ашылатын ғажайып таудың көрінісі.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 15:43