"Құтты шаңырақ болды": Мирас пен Құралай төрт қабатты зәулім үйін 290 миллион теңгеге сатылымға шығарды
Танымал әншілер Мирас Бекжанов пен Құралай Нұрқаділова тау баурайында орналасқан төрт қабатты зәулім үйін сатылымға шығарды. Өнерлі жұп аумағы 900 шаршы метр болатын баспанасын 290 миллион теңгеге бағалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұлдызды жұп бұл жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Мирас Бекжанов осы шаңыраққа қоныстанғалы бері отбасының берекесі артып, шығармашылық жолында да толағай табысқа жеткендерін айтты.
“Құралай, мен бұл үйге ризамын. Құдайға шүкір, осы үйге көшіп келгеннен бері той да той. Тойымыз тойға ұласып жатыр. Концерттерімізді де өткізіп жүрміз. Қаншама қонақтарымыз бен құдаларымызды күтіп алдық. Бұл – төрт қабатты, аумағы 900 шаршы метрлік еңселі шаңырақ”, – деді әнші.
Айта кетейік, Мирас пен Құралай 2023 жылы “Жұлдызды шаңырақта” бағдарламасында осы үйін алғаш рет көпшілікке көрсеткен еді. Сол кезде ерлі-зайыптылар баспананы дайын күйінде сатып алғанын, кейін өз талғамдарына сай жөндеу жүргізгенін айтқан.
Әншілердің сөзінше, тау бөктерінде орналасқан үйдің ауасы таза, айналасы көрікті. Төрт қабатты баспананың жертөлесі мен шатырлы қабаты да бар.
“Дайын үйді алдық. Үйдің бұрынғы иелері бізге салып бергендей болды. Үйдің еңсесі биік. Тау баурайында орналасқан. Ауасы керемет. Үйді жинау жағын ойламаппыз. Құралай “Өте үлкен үй алып қойған сияқтымыз” дейді. Көмекшілеріміз бар”, – деген еді өнерлі жұп.
Зәулім үйде бильярд ойнайтын бөлме, жаттығу залы, киім бөлмесі, бірнеше жатын бөлме және үлкен аквариум бар. Ал жертөледе қонақ күтуге арналған арнайы асүй орналасқан. Әншілердің айтуынша, көп қонақ жиналғанда бауырсақ пісіріп, ет асып, дастарқан қамын сол жерде жасайды.
Сондай-ақ ерлі-зайыптылар үйді сатып алғаннан кейін түсқағаздарын жаңартып, интерьеріне бірқатар өзгеріс енгізген.
Бірнеше жылдан бері отбасының қуанышты сәттеріне куә болған еңселі баспана енді жаңа иесін күтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Мирас пен Құралай Бекжановтардың шаңырағында Інкәрдің құдалық және сырға салу рәсімдері өткен еді.
