Қазақстандық "болашақтан келген" қаймақ үшін өтемақы өндіріп алды
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны дүңгіршектен сатып алған қаймақтың өндірілген күні әлі келмегенін байқап, өндірушіні сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, оқиға Алтай ауданында болған. Ер адам дүңгіршектен сүт пен екі стақан қаймақ сатып алған. Алайда өнімнің қаптамасындағы өндірілген күніне назар аударғанда, онда әлі келмеген, болашақтағы бір күн көрсетілгенін байқаған.
Осыдан кейін тұтынушы бірден полицияға жүгінген. Тексеру нәтижесінде қаймақ өндіруші кәсіпорын тұтынушыларды алдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, сатып алушының мемлекеттік органдарға жолдаған өтініштерінен кейін серіктестіктің қызметі тексеріліп, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Алайда ер адам мұнымен шектелмей, Алтай ауданының сотына тұтынушылардың құқықтарын қорғау және моральдық зиянды өтеу туралы талап арыз түсірген. Ол кәсіпкердің тауар сапасына қатысты тұтынушылық құқықтарын бұзғанын, соның салдарынан күйзеліске түсіп, денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болғанын мәлімдеген. Тұтынушы моральдық зиян көлемін 50 мың теңгеге бағалаған.
Сот отырысында тараптар өзара бітімге келген. Келісім бойынша жауапкер талап қоюшыға моральдық зиянның өтемақысы ретінде 20 мың теңге төлеген.
Осыған байланысты азаматтық іс бойынша сот өндірісі тоқтатылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске салсақ, бұған дейін тойға барып, уланып қалған қазақстандық мейрамхана иесінен 220 мың теңге өндіріп алғаны туралы жазған едік.
"Антибиотик беріп, баланы қымтап тастайды": Дәрігер қазақстандықтар ЖРВИ кезінде жіберетін қауіпті қателіктерді атады