Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы метросындағы қайғылы оқиға: Кезекші зағип жолаушы туралы хабар алмағанын айтты

метро
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыдағы Медеу ауданының №2 аудандық сотында 23 қарашада "Абай" метро станциясында 26 жастағы Қанат Батқалғазының қаза болуына қатысты іс қаралуы жалғасты. Сотта оқиға болған күні станция кезекшісі болған Наурызбай Кеңес жауап берді. Қазір ол жолаушыларға көмек көрсету жөніндегі кезекші болып жұмыс істейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Наурызбай Кеңестің айтуынша, жолаушы қаза тапқан күні турникетте Майра Болатбекова жұмыс істеген. Куәгердің сөзінше, ол зағип жолаушының келгенін хабарлап, оны вагонға дейін жеткізетін қызметкерді күтуі керек болған. Алайда кезекші мұндай хабарлама алмағанын айтты. Метро нұсқаулығына сәйкес, қызметкер мұндай жолаушыны қарсы алып, қай бағытқа баратынын анықтап, вагонға отыруына көмектесуі тиіс. Жолаушыны отырғызу туралы машиниске алдын ала хабарланады. Қызметкерлердің әрекеттері арнайы журналға тіркеледі. Турникеттегі қызметкердің кезекшімен байланысуына арналған арнайы құрылғы болған. Сотта куәгерден оның 2024 жылғы 10 желтоқсанда жұмыс істеген-істемегені сұралды.

“Жұмыс істеуі керек еді. Егер істемесе, бізге хабарлауы тиіс болатын”, – деп жауап берді Наурызбай Кеңес.

Ол оқиғаға дейін әріптестерімен сөйлескенін есіне алғанымен, олардың осы құрылғыны пайдаланған-пайдаланбағанын нақты айта алмады. Оның сөзінше, құрылғы істен шықса, диспетчерлерге хабарланады, ал ақауды механик жөндейді. Куәгер тергеу кезінде құрылғыны өз қатысуымен тексеру эксперименті жүргізілмегенін де айтты.

Кезекші пойызды қалай тоқтатқан және камералардан не көрген?

Наурызбай Кеңестің айтуынша, ол платформа астындағы кабинетте отырған кезде машинистің хабарламасын естіген. Содан кейін пойызды тоқтатып, диспетчермен байланысқан да, перронға жүгіріп шыққан. Ол пойыз жолаушы құлағаннан кейін бірден тоқтады ма, әлде бірнеше метр жүріп барып тоқтады ма, нақты айта алмады. Сондай-ақ платформадағы кезекші пойызды қолымен немесе жалаушамен тоқтау белгісін беру арқылы тоқтата алатынын түсіндірді. Алайда сол күні қызметкердің қолында жалауша болған-болмағанын білмейді.

Сотта Наурызбай Кеңестің оқиғадан кейін берген жауабы оқылды.

“Оқиға орнына жүгіріп барып, пойызды адамдардың шайқап, итеріп жатқанын көрдім. Сол кезде жас жігіттің вагондардың арасында қысылып қалғанын байқадым”, – деп жазылған оның жауабында.

Кезекші станция платформасы мен басқа бөлмелерді 56 камера арқылы бақылағанын айтты. Жұмыс орнында ол камералардан тікелей эфирді көре алған.

“Жазбаны тоқтата алмаймын, кері айналдырып қарай алмаймын, сақтай алмаймын”, – деп түсіндірді ол.

Сотта куәгерден камералар арқылы зағип жолаушыны байқауға бола ма деп сұрады. Наурызбай Кеңес адам көп болған кезде мұны анықтау қиын екенін айтты. Бейнежазбаны ол оқиғадан кейін көрген. Оның пікірінше, жазбадан да жолаушының зағип екенін нақты анықтау мүмкін болмаған.

Қорғау тарапы істі қосымша тергеуге қайтаруды неге сұрайды?

Адвокат Нұртуған Өмірзақтың айтуынша, алғашқы сот отырысында прокурор куәгерлері жоқ екенін айтқан. Жәбірленуші тараптан жауап алғаннан кейін сотталушыны сұрап, істі аяқтауды жоспарлаған. Сөзінше, қорғау тарапы сотқа тоғыз куәгер шақыру туралы өтініш білдірген. Ол сондай-ақ метро мен әкімдік өкілдерін шақырып, бейнежазбалар мен қызметкерлер ақаулар туралы мәлімет енгізетін журналдарды сұратуды көздеп отыр.

"Тергеу екі жыл жүргізілді, ал біз екі айдың ішінде үлгеруіміз керек", – деді Нұртуған Өмірзақ.

Адвокат тергеу жолаушының өліміне қатысты барлық мән-жайды толық зерттемеген деп есептейді. Оның айтуынша, Майра Болатбекова ұзақ уақыт бойы іс бойынша куәгер ретінде өткен, ал бұған дейін күдікке ілінген қызметкерлер қазір куәлік беріп жатыр. Егер бейнежазбалардан үзілістер анықталса, қорғау тарапы монтаж белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін сараптама тағайындау туралы өтініш бермек. Куәгерлерден жауап алып, іс материалдарын зерттегеннен кейін Нұртуған Өмірзақ істі қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтаруды сұрауды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 10 желтоқсанда Қанат Батқалғазы "Абай" метро станциясында рельске құлап, қаза тапты. Айыптау нұсқасы бойынша, ол вагондар арасындағы кеңістікті кіреберіс деп ойлап, пойыз қозғалған кезде ауыр жарақат алған. Майра Болатбековаға ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 2-бөлігі – теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бойынша айып тағылған. 

Ислам Әден
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 17:07