Алматыда UFC турнирін өткізуге болатын арена аталды
Алматы әкімдігі Қазақстан тарихындағы алғашқы UFC турнирін өткізу мүмкіндігіне қатысты түсініктеме берді. Қалалық спорт басқармасы халықаралық деңгейдегі ауқымды жарысты қабылдай алатын негізгі алаң ретінде "Алматы Арена" спорт кешенін қарастырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін бірқатар БАҚ пен Telegram-арналарда UFC турнирі 2027 жылғы 1 мамырда Алматыда өтеді деген ақпарат тараған еді. Алайда Қазақстанның OCTAGON лигасының президенті Нұраддин Садықов мәліметті жоққа шығарып, әзірге турнирдің өтетін күні мен орны бекітілмегенін мәлімдеген.
Алматы қаласының спорт басқармасы да нақты күнді растамады. Дегенмен ведомствоның мәліметінше, инфрақұрылымы дамыған әрі халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізу тәжірибесі бар "Алматы Арена" негізгі алаң ретінде қарастырылып отыр. Спорт кешені спортшыларды, техникалық мамандарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін орналастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар басқарма өкілдері әзірге турнирдің нақты мерзімі мен бюджеті туралы айту ерте екенін атап өтті. UFC және Zuffa Boxing басшылығымен келіссөздерді туризм және спорт министрлігі үйлестіріп жатыр. Жұмыс кездесулері жыл басынан бері жүргізіліп келеді. Турнирді өткізу мерзімі 2027-2028 жылдар аралығын қамтуы мүмкін.
Әкімдіктің түсіндіруінше, қала билігінің жобаға қатысуы ұйымдастыру және инфрақұрылымдық мәселелермен шектеледі. Атап айтқанда, арена ұсыну, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, логистика мен қалалық қызметтердің жұмысын үйлестіру қарастырылған.
Турнирдің түпкілікті бюджеті мен қаржыландыру мәселесі жарыстың форматы бекітіліп, ұйымдастырушылар техникалық талаптарын ұсынғаннан кейін ғана анықталады.
Ал турнирге қатысатын спортшыларды іріктеу, жекпе-жектер тізімін жасау және нақты күнді белгілеу UFC промоушенінің құзыретіне жатады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда UFC турнирі өтуі мүмкін екені жайлы жазған едік. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов келіссөздердің нәтижесі қашан белгілі болатынын айтты.
