Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда UFC турнирі қашан және қайда өтетіні белгілі болды – БАҚ

ufc
Фото: mma.metaratings.ru

БАҚ беттерінде Қазақстанда UFC-дің алғашқы турнирі 2027 жылдың көктемінде өтуі мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Әзірге турнирдің өтетін болжамды күні мен қаласы белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дереккөздің мәліметінше, Алматыда өтетін турнир 2027 жылдың 1 мамырына жоспарланған. Жекпе-жек кешін өткізуге арналған алаң ретінде "Алматы Арена" қарастырылып жатыр. Алайда турнирдің нақты күні мен өтетін орны әзірге ресми түрде расталған жоқ.

"Қазақстандағы UFC турнирін 1 мамырға жоспарлап отыр. Ол Алматыда өтуі керек", – деп хабарлады "Вестник MMA" Telegram-арнасы.

Еске салайық, 19 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан Қазақстанда UFC турнирін өткізу қаншалықты мүмкін екені сұраған еді. 

Министр бұл бағытта келіссөздер жүргізіліп жатқанын растады. Оның айтуынша, Қазақстанда 2027-2028 жылдары турнир өткізу мәселесіне қатысты келіссөздердің қорытындысы қараша айының соңында белгілі болады.

"Жыл басынан бері UFC турниріне қатысты бірнеше келіссөз бен жұмыс кездесуін өткіздік. Қазір де келіссөздер жалғасып жатыр. Айдың соңында 2027-2028 жылдары Қазақстанда UFC турнирін өткізу мәселесі бойынша қандай шешімге келгенімізді толығырақ айтамыз. Барлық жұмыс жүргізілді, айдың соңында қорытындысын жариялаймыз", – деді Ербол Мырзабосынов.

Қазақстанда UFC турнирін өткізу мәселесі алты жылдан бері талқыланып келеді

Айта кетейік, Қазақстанда UFC-дің алғашқы турнирін өткізу бастапқыда 2020 жылдың маусымына жоспарланған еді. Ол кезде жарысты елордадағы "Астана Арена" стадионында ұйымдастыру көзделді. Ал басты жекпе-жекте ресейлік Петр Ян мен бразилиялық Марлон Мораес кездесуі керек еді. Бұл ақпаратты Петр Янның және қазақстандық бірнеше спортшының мүддесін қорғайтын танымал менеджер Саят Әбдірахманов та растаған еді. 

Алайда коронавирус пандемиясына байланысты бұл жоспар жүзеге аспады. Сол кезеңде турнирлердің басым бөлігі тоқтатылып, кейін көрерменсіз форматта АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізілді.

2024 жылы аралас жекпе-жек сарапшысы Михаил Краймер Қазақстанда UFC турнирін өткізу үшін елімізден чемпион шығуы қажет екенін айтқан еді. Сондай-ақ ол UFC ұйымы өзге елдерде өткізетін турнирлерді нөмірлі жарыстар қатарына қоспайтынын, сондықтан Қазақстанда чемпиондық белдесу ұйымдастыру мүмкін болмайтынын атап өткен.

Ал 2025 жылдың мамырында OCTAGON аралас жекпе-жек лигасының президенті Нұраддин Садықов UFC басшысы Дана Уайтпен Қазақстанда турнир өткізу жөніндегі келіссөздер көптен бері жүргізіліп келе жатқанын мәлімдеген еді.

Бұған дейін Қазақстанда UFC турнирі өтуі мүмкін екені жайлы жазған едік. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов келіссөздердің нәтижесі қашан белгілі болатынын айтты.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 08:08