Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Калифорния Nvidia компаниясын Қытайға технология берді деген күдікпен тексеріп жатыр

Дженсен Хуанг
Фото: Getty Images

Калифорния билігі америкалық Nvidia компаниясына қатысты тергеу бастады. Компания Қытайға озық чиптер мен құпия ақпаратты заңсыз беруі мүмкін деген күдікке ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Штаттың бас прокуроры Роб Бонта компания Қытайға қатысты тәуекелдер туралы мәлімет бергенде инвесторларды жаңылыстырған не жаңылыстырмағанын тексеріп жатыр. 

Роб Бонтаның айтуынша, Nvidia компаниясына қажетті ақпаратты ұсыну туралы ресми шақырту жіберілген. Билік компанияның Калифорния штатының корпоративтік қауіпсіздік туралы заңын бұзған-бұзбағанын анықтағысы келеді.

Атап айтқанда, тергеушілер Nvidia компаниясының немесе оның бұрынғы басшысы Дженсен Хуангтың әрекеттері Қытайдың озық чиптерге немесе жабық ақпаратқа заңсыз қол жеткізуіне себеп болған-болмағанын тексеріп жатыр.

"Nvidia компаниясы мен оның бұрынғы басшысының әрекеттері елеулі сұрақтар туындатады. Соның ішінде компания инвесторларды қандай жолмен жаңылыстыруы мүмкін болғаны да тексеріліп жатыр", – деді Роб Бонта.

Сонымен қатар Nvidia компаниясына АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) да назар аударған. Reuters агенттігінің жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, ведомство компанияның бухгалтерлік есеп жүргізу тәжірибесіне қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Алайда тексерістің нақты қашан басталғаны әзірге белгісіз.

Дженсен Хуанг төңірегіндегі жанжал қалай басталды?

Еске салайық, қазан айының соңында 63 жастағы Дженсен Хуангтың кәсіпкер Элис Хуангпен жақын қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат тараған еді. Америкалық арнайы қызметтер кәсіпкер әйелдің Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Осы ақпараттан кейін Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тексеру бастаған. Ал 8 қарашада Дженсен Хуанг қызметкерлеріне хат жолдап, жұбайына опасыздық жасағанын мойындап, кешірім сұраған. Алайда ол хатында кәсіпкер әйелдің есімін атамаған.

Кейін БАҚ-та Хуангтың Nvidia компаниясының денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті Кимберли Пауэллмен де көңіл жарастырғаны туралы ақпарат жарияланды. Ол кезде Пауэлл Хуангқа тікелей бағынышты қызметкер болған.

Жанжалдан кейін 12 қарашада Дженсен Хуанг бас директор қызметінен кететінін және директорлар кеңесінің құрамынан шығатынын мәлімдеген.

The Quint басылымының жазуынша, қызметтен кетуіне байланысты ол құны шамамен 108 миллион доллар болатын акциялар пакетінен айырылуы мүмкін. Бұл қазіргі бағаммен 48 миллиард теңгеден асады.

Бұған дейін АҚШ Сенатының банк комитетінің төрағасы Тим Скотт Хуангты тыңдауға шақырған еді. Егер ол өз еркімен келуге келіспесе, сенатор мәжбүрлі түрде шақыру қағазын жіберетінін ескерткен.

Сонымен қатар кейінгі уақытта БАҚ-та Хуангтың некеден тыс үшінші қарым-қатынасы болуы мүмкін екені туралы да ақпарат тарады.

Nvidia деген қандай компания?

Nvidia – 1993 жылы құрылған америкалық технологиялық компания. Ол графикалық процессорлар (GPU) мен жасанды интеллект жүйелеріне арналған есептеу чиптерін өндіруден әлемдегі жетекші компаниялардың бірі саналады.

Алғашында компания компьютерлік ойындарға арналған GeForce видеокарталарымен танылды. Кейін графикалық процессорларды күрделі есептеулерге пайдалануға мүмкіндік беретін CUDA технологиясын дамытты.

Қазір Nvidia өнімдері жасанды интеллект жүйелерін оқытуда, нейрожелілер мен деректер орталықтарының жұмысында кеңінен қолданылады. Компания робототехника, автономды көлік және суперкомпьютер салаларында да жұмыс істейді. Соңғы жылдары жасанды интеллект технологияларына сұраныстың артуы Nvidia компаниясының нарықтық құнын күрт өсірді.

Еске салайық, бұған дейін Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін Элис Хуанг есімді кәсіпкер әйелмен көңілдес болғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланған еді. The New York Times басылымының мәліметінше, АҚШ арнайы қызметтері әйелді бір жылдан астам уақыт бақылап, оның Қытай билігіне ақпарат жеткізген болуы мүмкін деген күдікке келген. Кейін Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, отбасынан кешірім сұрады. Осы жағдайдан кейін Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу бастады. Алайда компания әзірге құпия деректердің сыртқа тарағанын растайтын дәлел жоқ екенін мәлімдеді.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 22 Қараша, 2026 15:46