Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалардың қызуы 40°C-қа көтеріліп, жаппай ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды

 
Фото: pravmir.ru

Алматыда балалар арасында вирустық инфекциялардың таралуына байланысты ата-аналардың шағымы көбейді. Әлеуметтік желіде олар балаларының дене қызуы 39–40°C-қа дейін көтеріліп, бірнеше күн бойы түспейтінін, кейбірінің құсу, іш өту және әлсіздік белгілерімен ауруханаға түскенін жазып жатыр. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының қабылдау бөліміне де науқастар көптеп жүгінген. Stan.kz тілшісі жағдайдың мән-жайын анықтап көрді.

"Қызуы 39,5°C-қа дейін көтеріліп, дәріден кейін де түспеді": ата-аналар не дейді?

Әлеуметтік желіде балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар түрлі жазба жариялап жатыр. Олардың сөзінше, балалардың дене қызуы күрт көтеріліп, оны түсіру қиынға соғып отыр.

Ата-аналардың бірі баласының алдымен дене қызуы 38,5°C-қа дейін көтерілгенін, бастапқыда оны тіс шығуымен байланыстырғанын айтады. Кейін ақылы педиатрға қаралған. Дәрігер баланың тамағы қызарғанын айтып, тапсырылған талдау нәтижесінде вирустық инфекция анықталған.

"Баламның қызуы сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні көтерілді. Сәрсенбі күні дәрігерге бардық. Сол күннің кешінен бастап бейсенбі, жұма күндері қызуы әрең түсті. Бірақ кешке дене қызуы 39,5°C-қа жетіп, дәрі бергеннен кейін де түспеді. Жедел жәрдем шақырдық. Бізді қабылдау бөліміне жеткізіп, укол салды. Дәрігерлер мұндай қызу тағы 2–3 күн сақталуы мүмкін екенін айтты. Алайда уколдан кейін екі сағат өтпей жатып, қызуы қайтадан 39,5°C-қа көтерілді", – деп жазды ата-аналардың бірі.

Тағы бір ата-ана баласының жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түскенін жеткізген. Оның айтуынша, компьютерлік томография кезінде пневмония анықталған. Бала бірнеше сағат бойы қабылдау бөлімінде отырған. Кейін басқа ауруханаға жіберілгенімен, онда да медициналық көмек алу үшін ұзақ күтуге тура келгенін айтады.

"Өкінішке қарай, иә, вирус өте ауыр екен! Кеше қызымды ауруханаға алып бардық, бірақ бастапқыда жатқызғылары келмеді. КТ нәтижесінде пневмония анықталды. Қабылдау бөлімінде үш сағаттай отырдық, баланың жағдайы өте ауыр, қатты интоксикация бар деді. Басқа ауруханаға жатқызуы мүмкін екенін айтып, жолдың арғы бетіне өтуімізді сұрады. Қызым әрең жүріп жетті. Ол жақта да екі сағаттай әуре-сарсаңға салды. Ақыры балам есінен танып қалды. Дене қызуы түспей жатыр, тамызғыш та көмектеспей жатыр. Бүгін дәрігерлер менингококк инфекциясы болуы мүмкін екенін айтты", – деп жазды ол.

Әлеуметтік желіде энтеровирус жұқтырған балалар туралы да жазбалар жарияланып жатыр. Тағы бір ата-ана құсу мен іш өту кезінде баланың ағзасы сусыздануы мүмкін екенін айтып, өзгелерді сақ болуға шақырған.

“Егер баланың іші өтіп, құсса, дереу қанның биохимиялық талдауын тапсыру қажет. Ағза сусызданған кезде су жоғалтады. Соның салдарынан бүйректің қанмен қамтамасыз етілуі бұзылып, бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупі айтарлықтай артады. Дәрігерлер бұл туралы үнемі ескерте бермеуі мүмкін. Мұндай жағдайлар тәжірибеде жиі кездеседі. Біз де 1 апта бұрын энтеровируспен бетпе-бет келдік. Дәрігерлер тағы жарты тәулік кешіккенімізде, бүйрек жеткіліксіздігіне ұшырауымыз мүмкін екенін айтты”, – деді ол.

 

Дәрігер: "Жедел жәрдемге энтеровирус диагнозымен көптеп түсіп жатыр"

Stan.kz тілшісі Алматы қаласының жедел жәрдем ауруханасы маманынан да пікір алды. Дәрігердің айтуынша, соңғы уақытта медициналық көмекке жүгінген балалар саны әдеттегіден артқан. Олардың арасында энтеровирустық инфекция жұқтырғандар баршылық.

"Қазір жедел жәрдемге ауырып келіп жатқан балалар саны өте көп. Олардың арасында энтеровирус диагнозымен түсіп жатқандар біршама. Кішкентай балалар ғана емес, жасөспірім балалар да жедел жәрдем шақырып жатыр. Көпшілігінде дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы, іш өту, құсу, лоқсу, мұрынның бітелуі сияқты белгілер байқалады. Энтеровирус көбіне лас қол арқылы жұғады. Бала қолын жумай, аузына салса немесе кір қолмен тамақтанса, инфекция жұқтыруы мүмкін. Сондай-ақ науқас адаммен байланыс кезінде де беріледі. Егер баланың дене қызуы 3–4 сағат аралығында бірнеше рет 39–40°C-қа дейін көтерілсе, оған іштің ауыруы, іш өту, құсу қосылса, мұндай жағдайға алаңдау керек. Міндетті түрде дәрігерге қаралып, аурудың нақты себебін анықтау қажет", – деді ол.

Маман ата-аналар баланың жағдайын мұқият бақылауы керегін ескертті. Оның сөзінше, балалардың ағзасы ересектердікінен өзгеше болғандықтан, аурудың алғашқы белгілеріне немқұрайлы қарауға болмайды.

"Кейде ата-аналар баласының мұрнынан су ақса, жай ғана сүртіп қоя салады. Бұл дұрыс емес. Баланың жалпы жағдайына, дене қызуына және басқа да белгілеріне назар аудару керек. Егер баланың дене қызуы 39–40°C-қа дейін көтерілсе немесе жағдайы нашарласа, үйде өз бетінше емдей бермей, медициналық көмекке жүгіну қажет. Инфекция кезінде баланың жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір балаларда ауру асқынып, бронхит немесе пневмония сияқты асқынуларға ұласуы ықтимал. Сонымен қатар баланың созылмалы аурулары болса, ем тағайындау кезінде оның ерекшеліктері міндетті түрде ескерілуі керек. Мәселен, дәрігер дәріні әр 8 сағат сайын беруді тапсырса, белгіленген уақыт аралығын қатаң сақтау керек. Егер дәріні уақытылы бермей, қабылдау тәртібі бұзылса, оның емдік әсері төмендеуі мүмкін", – деді дәрігер.

Денсаулық сақтау басқармасы не дейді?

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына да хабарластық. Ведомство мәліметінше, қалада ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өсуіне байланысты балаларға арналған аурухана төсектерінің саны арттырылып жатыр.

Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында қосымша 67 резервтік төсек-орын ашу көзделген. Осылайша, төсек-орын саны 360-тан 427-ге дейін көбейеді.

Басқарманың мәліметінше, 1–20 қараша аралығында аурухананың қабылдау бөліміне 14 166 өтініш түскен. Оның ішінде 2 773 бала, яғни 19,6%-ы стационарға жатқызылған. Ал қалған 11 393 науқасқа (80,4%) ауруханаға жатқызбай, қабылдау бөлімінде медициналық көмек көрсетілген.

Ведомство өкілдері ата-аналардың бір бөлігі емханаға бармай, бірден стационарлардың қабылдау бөлімдеріне жүгінетінін атап өтті. Әсіресе түнгі уақытта амбулаториялық ұйымдар қабылдау жүргізбеген кезде ауруханаларға түсетін жүктеме артады. Бұл дәрігердің қарауын күту уақытын ұзартуы мүмкін.

Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ауруханада инфекционист дәрігерлердің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылған. Науқастар медициналық сұрыптау, яғни триаж қағидаты бойынша қабылданады. Бірінші кезекте жағдайы ауыр балаларға көмек көрсетіледі.

Қандай инфекциялар бойынша ауруханаға жатқызу көбейген?

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың қазан-қараша айларында ауруханада 6 482 баланы стационарға жатқызу жағдайы тіркелген.

Оның ішінде:

  • ЖРВИ – 3 422 жағдай (52,8%);
  • энтеровирустық инфекция – 1 208 жағдай (18,6%);
  • пневмония – 968 жағдай (14,9%);
  • жедел ішек инфекциялары – 341 жағдай (5,3%);
  • қызылша – 227 жағдай (3,5%);
  • менингит – 62 жағдай (0,9%);
  • инфекциялық мононуклеоз – 62 жағдай (0,9%).

Осылайша, стационарға жатқызылған балалар арасында ЖРВИ мен пневмонияның үлесі басым. Екі диагноз бойынша тіркелген жағдайлардың үлесі 67,7%-ды құрайды.

Басқарма өкілдері 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда балалар арасындағы сырқаттанушылық құрылымында елеулі өзгеріс байқалмағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, респираторлық және басқа да инфекциялардың маусымдық өршуі жыл сайын қайталанады.

"Дүрбелеңге негіз жоқ. Аурухана жұмысы тұрақты бақылауда. Қабылдау бөлімшелеріне түсетін жүктемеге күн сайын мониторинг жүргізіліп, кезекші дәрігерлермен қамтылуы бақыланады", – деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар басқарма ата-аналарға ЖРВИ-дің алғашқы белгілері байқалған кезде тіркелген жері бойынша емханаға жүгінуді ұсынды. Ал баланың жағдайы нашарлаған жағдайда жедел медициналық жәрдем шақыру қажет екенін еске салды.

Ауруханаға жатқызу тек медициналық көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылады.

Ақгүл Айдарбекқызы
Жұма, 20 Қараша, 2026 17:15