Қазақстанда доллар бір күнде 6 теңгеге қымбаттады
Қазақстанда доллардың бағамы күрт өсіп, қор биржасындағы сауда қорытындысы бойынша 455 теңгеге жетті. Бір күнде америкалық валюта 5,87 теңгеге қымбаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
20 қарашада Қазақстан қор биржасында (KASE) шетел валюталары бойынша күндізгі сауда-саттық аяқталды. Оның қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 455 теңгені құрады. Алдыңғы сауда күніндегі көрсеткішпен салыстырғанда валюта 5,87 теңгеге өскен.
Басқа шетел валюталары да қымбаттады. Сауда қорытындысы бойынша:
-
Ресей рублі 5,56 теңгеге жетіп, 0,09 теңгеге өсті;
-
Қытай юані 68,09 теңгені құрап, 0,92 теңгеге қымбаттады.
Ал Ұлттық банк 20 қарашаға белгілеген ресми бағам бойынша бір доллар 448,72 теңгеге тең болды. Еуро 493,86 теңге, Ресей рублі 5,49 теңге деңгейінде белгіленді.
Осылайша, биржадағы доллар бағамы Ұлттық банктің ресми бағамынан 6,28 теңгеге жоғары қалыптасты. Алайда бұл екі көрсеткіштің есептелу уақыты мен тәртібі әртүрлі екенін ескерген жөн.
Айырбастау пункттерінде доллар қанша тұрады?
Биржадағы бағамның өсуі айырбастау пункттеріндегі бағаға да әсер етті. 20 қарашадағы мәлімет бойынша Алматыдағы айырбастау пункттерінде долларды сатып алу бағамы 453,59 теңге, сату бағамы 455,87 теңге болды.
Астанада америкалық валютаны сатып алу орта есеппен 449,72 теңгеден, сату 456,85 теңгеден жүргізілді.
Ал басқа валюталардың айырбастау пункттеріндегі бағамы мынадай болды:
-
Доллар – 453,6-455,9 теңге;
-
Еуро – 498,2-503 теңге;
-
Ресей рублі – 5,26-5,38 теңге.
Теңге неге әлсіреп жатыр?
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бұған дейінгі түсіндірмесінде доллардың қымбаттауына биржадағы сұраныстың артуы себеп болғаны айтылған. Қауымдастық өкілдерінің пікірінше, компаниялар шетел валютасын бірнеше мақсатта сатып алуы мүмкін:
-
бағамның одан әрі өсуін күтіп, доллар қорын жинау;
-
сыртқы қарыздар бойынша міндеттемелерді өтеу;
-
маусымдық импорт көлемінің артуына байланысты төлем жасау.
Бұған дейін теңге неге нығайған еді?
Бұған дейін теңге әлемдік нарықтағы қолайлы жағдайдың арқасында біршама нығайған болатын. Ұлттық банк өкілдері Қазақстанның негізгі экспорттық тауарлары – мұнай, металдар, уран және астық нарығындағы жағдай ұлттық валютаға қолдау көрсеткенін айтқан.
Сонымен қатар алтын бағасының жоғары болуы да теңгеге қосымша қолдау берген. Ұлттық банктің түсіндіруінше, алтын операцияларына байланысты валюталық түсімдер ішкі нарықтағы валюта ұсынысына әсер етеді.
Ал қазақстандық ірі компаниялардың шетел валютасымен қарыз алуы импорт төлемдеріне қажетті долларды сатып алу сұранысын азайтып, нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға ықпал еткен.
Алайда Ұлттық банк валюта бағамы сыртқы және ішкі факторлардың жиынтығына байланысты қалыптасатынын атап өткен. Олардың қатарында әлемдік нарықтағы ахуал, геосаяси жағдай және саудаға қатысушылардың күтулері бар.
Айта кетсек, бұған дейін экономистер Қазақстанда доллар бағамы 400 теңге болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берген еді.
"Балалардың қызуы 40°C-қа көтеріліп, жаппай ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
