Қазақстанда доллар 400 теңгеге дейін арзандауы мүмкін бе? Экономистер пікірі
2026 жылдың басынан бері теңге 12,3 пайызға нығайды. Бұл доллар бағамы 400 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін деген болжамдарға түрткі болды. Мұндай межеге жету үшін қандай жағдайлар қажет және валюта бағамының өзгеруі қазақстандықтардың жинағына қалай әсер етеді? Stan.kz экономистердің пікіріне сүйеніп, доллар бағамының ықтимал сценарийлері мен жинақты сақтау жолдарын талдады.
Бауыржан Ысқақов: доллар 400 теңгеге дейін арзандауы мүмкін бе?
2026 жылғы 19 қазандағы ресми бағам бойынша, 1 доллар 452,12 теңгеге тең. Доллардың 400 теңгеге дейін арзандауы үшін оның бағамы қазіргі деңгейден шамамен 11,5%-ға төмендеуі керек.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, мұндай сценарий теориялық тұрғыдан мүмкін. Алайда доллардың 400 теңгеге дейін түсуін жақын арада жүзеге асатын негізгі болжам ретінде қарастыруға болмайды.
"Доллардың 400 теңгеге дейін төмендеуі теориялық тұрғыдан мүмкін. Бірақ оған теңгенің уақытша нығаюы ғана емес, Қазақстан экономикасындағы және әлемдік қаржы нарығындағы өзгерістер де әсер етеді. Сондықтан 400 теңгені жақын арада жүзеге асатын негізгі болжам ретінде қабылдау дұрыс емес", – дейді экономист.
Оның айтуынша, теңгенің нығаюына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында мұнай бағасының жоғары болуы, экспорттан түсетін кірістің артуы, елге шетелдік инвестициялардың келуі және теңгелік активтерге деген сұраныстың өсуі бар. Сонымен қатар экспорт көлемінің импорттан басым болуы және ішкі валюта нарығында шетел валютасының жеткілікті ұсынылуы да теңгені қолдауы мүмкін. Бұған қоса, елдегі макроэкономикалық тұрақтылық пен бюджет тапшылығын бақылауда ұстау маңызды. Алайда осы факторлардың біреуі ғана доллардың айтарлықтай арзандауына жеткіліксіз. Валюта бағамына ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс, пайыздық мөлшерлемелер және сыртқы экономикалық жағдай да ықпал етеді.
"Осы факторлардың біреуінің болуы жеткіліксіз. Доллардың 400 теңгеге дейін түсуі мен сол деңгейде ұзақ уақыт сақталуының арасында үлкен айырмашылық бар", – дейді Бауыржан Ысқақов.
Доллардың арзандауы халыққа қалай әсер етеді?
Доллар бағамының төмендеуі импорттық тауарлардың құнына әсер етуі мүмкін. Қазақстан шетелден көптеген тауар сатып алатындықтан, теңгенің нығаюы импорт шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл кейбір тауарлардың бағасына да оң ықпал етуі ықтимал.
Дегенмен доллардың арзандауы дүкендегі бағаның бірден төмендеуіне кепілдік бермейді. Тауар құнына логистика, өндіріс шығындары, салықтар және сатушылардың баға саясаты сияқты басқа факторлар да әсер етеді.
Екінші жағынан, табысын шетел валютасымен алатын экспорттаушылар немесе жинағын доллармен сақтайтын азаматтар теңгемен есептегенде айырмашылық сезінуі мүмкін. Мәселен, доллар бағамы төмендеген жағдайда бұрын сатып алынған валютаның теңгеге шаққандағы құны азаяды.
Жинақты теңгеде сақтаған дұрыс па, әлде долларға ауыстырған жөн бе?
Экономистің пікірінше, валюта бағамын дәл болжауға тырысқаннан гөрі, жинақты мақсатына, пайдалану мерзіміне және тәуекел деңгейіне қарай бөлген дұрыс.
"Валютаны болжауға қарағанда, жинақты мақсатына, пайдалану мерзіміне және тәуекел деңгейіне қарай бөлген маңызды. Күнделікті шығындар мен төтенше жағдайларға арналған қаражаттың басым бөлігін өтімді теңгелік құралдарда сақтау орынды деп ойлаймын", – дейді Бауыржан Ысқақов.
Оның айтуынша, қаржылық шешім қабылдағанда ақшаның қашан қажет болатынын ескерген жөн. Күнделікті шығындар мен күтпеген жағдайларға арналған қаражат қолжетімді болуы керек. Ал ұзақ мерзімді жинақ үшін валютаны әртараптандыруға болады. Барлық ақшаны бір мезетте долларға немесе теңгеге ауыстырудың орнына, жинақты бірнеше бөлікке бөліп, айырбас бағамының өзгеру тәуекелін ескерген дұрыс.
Венера Жаналина: доллардың 400 теңгеден төмендеуі үшін не қажет?
Қаржыгер Венера Жаналина да доллардың 400 теңгеден төмен түсу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Алайда мұндай бағамның ұзақ уақыт сақталуы бірнеше сыртқы және ішкі факторға байланысты.
"Доллардың 400 теңгеден төмен түсуі мүмкін, бірақ әзірге мұны негізгі болжам ретінде қарастыруға болмайды. Мұндай сценарий жүзеге асуы үшін әлемдік нарықта доллар әлсіреп, Қазақстанда теңгелік активтерге шетелдік инвесторлардың қызығушылығы сақталуы керек. Сонымен қатар мұнай бағасының жоғары болуы және ішкі валюта нарығында шетел валютасының жеткілікті ұсынылуы маңызды", – деген пікірде қаржыгер.
Венера Жаналинаның талдауына сәйкес, доллардың әлемдік нарықтағы жағдайы теңге бағамына әсер ететін негізгі сыртқы факторлардың бірі. Егер АҚШ валютасы басқа валюталарға қатысты күшейсе, теңгенің одан әрі нығаюы қиындауы мүмкін. Бұған АҚШ Федералдық резерв жүйесінің ақша-несие саясаты да ықпал етеді. АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелер жоғары деңгейде сақталса, инвесторлар доллармен номинацияланған активтерге қызығушылық танытуы мүмкін. Бұл Қазақстан сияқты нарықтарға келетін инвестиция ағынына әсер етеді.
Шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына сұранысы теңгені қолдай алады. Бірақ валюта бағамының өзгеруі инвесторлар үшін қосымша тәуекел туғызады: теңге кейін әлсіресе, олардың теңгелік активтерден алатын кірісінің бір бөлігі валюта бағамындағы айырмашылыққа байланысты азаюы мүмкін.Сондықтан теңгенің нығаюы тек мұнай бағасына немесе ел ішіндегі экономикалық жағдайға ғана тәуелді емес. Әлемдік доллар бағамы, АҚШ-тың ақша-несие саясаты және халықаралық капитал қозғалысы да маңызды рөл атқарады.
Доллар 400 теңгеге дейін түсе ме?
Осы факторларды ескерсек, доллардың 400 теңгеге дейін арзандауы мүмкін болғанымен, мұны жақын мерзімдегі негізгі сценарий деп қабылдауға негіз жеткіліксіз. Теңгенің қазіргі нығаю үрдісі сақталуы үшін ішкі экономикалық жағдайлармен қатар, сыртқы нарықта да қолайлы ахуал болуы қажет.
Ең маңыздысы – доллардың белгілі бір межеге жетуінен гөрі, бағамның қаншалықты тұрақты болатыны. Өйткені валютаның қысқа мерзімде арзандауы мен оның ұзақ уақыт бойы сол деңгейде сақталуы екі бөлек жағдай. Сондықтан азаматтар жинағын жоспарлағанда тек болжамға сүйенбей, жеке қаржылық мақсаты мен тәуекелін де ескергені жөн.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі 2029 жылға дейінгі инфляция болжамын жариялады.
Қазақстанда доллар 400 теңгеге дейін арзандауы мүмкін бе? Экономистер пікірі