Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарапшылар бір жылдан кейін доллар 500 теңгеден төмен болады деп болжады

доллар
Фото: depositphotos.com

Қазақстан қаржыгерлері доллар бағамына қатысты бір жылдық болжамын жақсартты. Қарашадағы сауалнамаға қатысқан сарапшылар бір жылдан кейін доллар 499,4 теңге болады деп күтеді. Бұған дейінгі болжам — 502,6 теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Ал желтоқсанның басында доллар шамамен 462,4 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл алдыңғы болжамнан жоғары: қазанда сарапшылар 456,5 теңге болады деп күткен. Қазан айында теңге долларға шаққанда 3%-ға әлсіреп, Ұлттық банктің валюта сатуы азайған еді. Теңгенің әлсіреуі тауар бағасына қатысты күтулерге де әсер етуі мүмкін.

Ұзақ мерзімде теңгені қолдайтын бірнеше фактор бар. Сарапшылар экспорттан түсетін валютаның көбеюін, Ұлттық банк пен экспорттаушылардың валюта ұсынуын және 2027 жылы Ұлттық қордан бюджетке аударылатын қаражаттың 2,8 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге дейін артуын атап өтті.

Мұнай бағасына қатысты болжам да өсті: бір жылдан кейін сарапшылар баррель мұнай 93,4 доллар тұрады деп күтеді. Бұған дейінгі болжам — 79 доллар. Ал алдағы 12 айда Қазақстан экономикасы 4,5%-ға өседі деген болжам жасалды. Бұрын бұл көрсеткіш 4,4% болған.

Инфляцияға қатысты болжам керісінше нашарлады. Қаржыгерлер бір жылдан кейін баға өсімі 9,9% болады деп күтеді. Алдыңғы сауалнамада 9,7% деп болжаған.

Осы жағдайды ескерген сарапшылардың көбі Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қазіргі 15,75% деңгейінде сақтайды деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 35%-ы мөлшерлеме 15,5%-ға дейін төмендеуі мүмкін деген пікірде. Олардың ойынша, Ұлттық банк инфляцияның баяулауы тұрақты ма, соны бағалау үшін мөлшерлемені біраз уақыт өзгертпеуі ықтимал. Бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 14,5%-ға дейін төмендейді деген болжам бар.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда доллар бір күнде 4 теңгеге арзандады. 

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 10:36