Тоқаев ҰҚШҰ саммитіне қатысу үшін Мәскеуге барды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі отырысына қатысу үшін Мәскеуге барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысын әуежайдан Ресей үкіметінің ресми тұлғалары қарсы алған.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев 11 қарашада Мәскеуде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммитіне қатысатыны туралы жазған едік. Жиында ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігі мен халықаралық мәселелер қаралады.
Кремльдің мәліметінше, саммитте мемлекет басшылары елдердің қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз ету, өзара ынтымақтастықты нығайту және әлемдегі қазіргі жағдайды талқылайды.
Кездесу қорытындысында бірнеше құжатқа қол қойылмақ. Соның бірі – Ресейдің бастамасымен әзірленген 2030 жылға дейінгі терроризмге қарсы күрес стратегиясы. Сондай-ақ мемлекет басшылары қорытынды декларация қабылдайды.
Бұдан бөлек, жиында ҰҚШҰ-ға төрағалық ету мәселесі шешілмек. Қазір ұйымға Ресей төрағалық етеді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл міндет Тәжікстанға беріледі.