"Қант пен құрт жинап, үйге әкелетінмін": Дариға Бадықова балалық шағындағы жоқшылықты айтып, жылап қалды
Танымал актриса Дариға Бадықова бала күнінде отбасы бастан өткерген жоқшылықты еске алып, көзіне жас алды. Өнер иесі кішкентай кезінен бауырларының қамын ойлап, үйіне азық-түлік әкелу үшін ауыл көшелерін аралап ән айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актриса журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында балалық шағындағы қиын күндерді еске алды. Оның айтуынша, отбасында кейде қарапайым азық-түліктің өзі жетіспейтін кездер болған. Алайда кішкентай Дариға мұндай жағдайға мойымай, жоқшылықтан шығудың жолын іздеген.
Өнер иесі сол кезде үйде қант немесе басқа да азық-түлік жоқ дегенді түсіне алмай, оны қайдан болса да табу керек деп ойлағанын айтты.
“Мен Дариғаға ризамын. Уфф, жыламаймын деп едім. Жұрт мені жыламайды деп ойлайды. Мен кішкентай кезімде “қант жоқ, басқа жоқ” десе, “неге жоқ, табу керек қой” деген ой болатын. Қалай жоқ болады ол? Неге жоқ деп ойлайтынмын”, – деді актриса.
Дариға Бадықова бала күнінде отбасына көмектесу үшін ерекше амал тапқан. Ол ауыл тұрғындары түскі уақытта демалып жатқан кезде көшелерді аралап, ән айтып, өнер көрсететін болған.
Актрисаның сөзінше, ауылдастары кішкентай қыздың әнін тыңдап, қолдарында бар қант, алма, құрт секілді тағамдарды беретін. Ал Дариға жинаған азық-түлігін үйіне алып келіп, бауырларына үлестірген.
“Сонда түсте әрбір көшеге шығып, ән айтатынмын. “Қант, алма, құрт” деп ән айтсам, әркім қолындағысын беретін. Оларды жинап, үйге алып келетінмін. Інім мен әпкемнің жегеніне мәз болатынмын. Солар жесе екен, солар ішсе екен деп ойлайтынмын”, – деп еске алды өнер иесі.
Актриса сол кездері өзі үшін емес, ең алдымен бауырлары үшін алаңдағанын жеткізді. Үйіне әкелген азық-түлікті інісі мен әпкесінің жеп отырғанын көрудің өзі оған үлкен қуаныш сыйлаған.
Сондай-ақ Дариға Бадықова бала кезінде өзіне қолдау көрсетіп, қолындағы барымен бөліскен ауыл тұрғындарына ризашылығын білдірді.
Балалық шағындағы осы бір сәттерді еске алған өнер иесі толқып, көз жасына ерік берді. Ол көпшіліктің өзін жыламайтын, үнемі мықты жүретін адам деп қабылдайтынын, алайда өткен өміріндегі ауыр естеліктер әлі күнге дейін көңіліне әсер ететінін жасырмады.
Еске салайық, бұған дейін Дариға Бадықова өзін "тез байып кетті" дейтіндерге жауап бергені хабарланған еді.
