Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бет-аузы қан жоса": Алматылық әйел пансионат қызметкерлерін әкесін ұрып-соқты деп айыптады

Пансионат
Фото: 2ГИС

Алматы тұрғыны Инна есімді әйел әкесін "Доброта" пансионатына уақытша орналастырғаннан кейін ер адамның денсаулығы күрт нашарлағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, деменциямен ауыратын әкесі мекемеде бірнеше күн болған соң беті мен басынан жарақат алып, ауруханаға түскен. Ал пансионат директоры ер адамның өзі құлағанын және анықталған сынықтар бұрыннан бар екенін айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Иннаның сөзінше, әкесі шамамен екі жарым жылдан бері деменция белгілеріне байланысты үйден өздігінен шығып кетіп, кейде жоғалып кететін болған. Осыған байланысты әйел жұмыстан шығып, соңғы бір жарым жыл бойы әкесінің күтімімен айналысқан.

"Әкемнің жағдайына байланысты үйде отыруыма тура келді. Шамамен екі жарым жыл бұрын оның үйден шығып кетіп, жоғалып қалатынын байқай бастадық. Сондықтан жұмыстан кетіп, әкемнің қасында болдым. Биыл қараша айында отбасылық жағдайларға байланысты бір айға Астанаға шұғыл баруым керек болды. Үйде анамыз жоқ, өмірден өткен. Сондықтан әпкем екеуміз әкемізді уақытша пансионатқа орналастыруды ұйғардық", – дейді ол.

Әйелдің айтуынша, олар Медеу ауданындағы "Доброта" пансионатын Instagram әлеуметтік желісі арқылы тауыпты. Мекеме туралы ақпаратпен танысып, қызметкерлерімен сөйлескеннен кейін әкесін бір айға қалдыруға шешім қабылдаған.

"Пансионат үйімізге жақын болды. Instagram арқылы тауып, хабарластық. Барлығы жақсы көрінді. Бізге қызмет көрсету сапасы, қызметкерлері туралы айтып, бейнебақылау камералары бар екенін де түсіндірді. 30 қазанда әкемді апардық. Барлығын көрсетіп, жақсылап түсіндірді. Біз де сеніп, бір айға толық төлем жасадық", – дейді Инна.

Алайда әйелдің сөзінше, арада бірнеше күн өткенде пансионаттан әкесінің жарақат алғаны туралы хабар жеткен.

"4 қарашада директор Светлана Нестерова әпкеме әкемнің видеосын жіберді. Бет-аузында жарақаттар бар, соққыға жығылғандай күйде жатты. Бетіне мұз қойып, мұздатқыштан бірдеңе алып басқан. Мен әпкеме директорға хабарласып, жарты сағаттан кейін сол жерде болатынымызды айт дедім", – дейді ол.

оооооо
Фото: Инна Лисинадан

Иннаның айтуынша, пансионат басшылығы ер адамның бейнебақылау камераларының жазбасын қарап, оның құлап қалғанын жеткізген. Отбасы мекемеге барған кезде директордан оқиғаның қалай болғанын көрсететін бейнежазбаны сұраған.

"Біз барсақ, директор жұмыс орнында болмады. Оны 40 минуттай күттік. Светлана Нестерова келген соң бірден камераларды көрсетуді сұрадық. Бірақ ол дәл сол күні камералар істен шыққанын, Wi-Fi жоқ екенін айтты. Сонда ғана полиция шақыруға шешім қабылдадық", – дейді әйел.

Оның сөзінше, пансионат басшысы жарақаттарды көрсе де жедел жәрдем шақырмаған. Инна директордан мұндай жағдайда неге медициналық көмекке жүгінбегенін сұрағанын айтты.

"Әкемнің бетінде гематома бар, иегі, көзі мен мұрны жарақаттанған. Мен Светлана Нестерова неге жедел жәрдем шақырмағанын сұрадым. Ол өзін бұрынғы медицина қызметкерімін деп таныстырып, ешқандай сынық жоқ екенін, бәрін жақсы білетінін айтты", – деді Инна Лисина.

Осыдан кейін отбасы полиция шақырып, оқиға орнына жедел жәрдем келген. Жарақат алған ер адамды Алматыдағы №4 қалалық ауруханаға жеткізген.

"Ауруханада әкеме КТ, МРТ және қан талдауларын жасады. Нәтижесінде миы шайқалғаны, бірнеше жерінде гематома бар екені және көзінің жанындағы сүйегі сынғаны анықталды", – деді әйел.

оооооо
Фото: Инна Лисинадан

Иннаның айтуынша, әкесінің жағдайы ауруханаға түскен кезде өте ауыр болған. Ол өздігінен жүре алмай, тамақтану мен жеке күтімге де көмек қажет еткен.

"Ол кезде әкем мүлде тұра алмайтын. Тек біз көтергенде ғана қозғала алатын. Қазір жөргек киеді. Тамақтандырып, жуындырып, киіндіру керек. Ауруханада жатқызу мәселесі де қиын болды. Әкем деменциямен ауырады, жалғыз жата алмайды. Ал ақылы бөлім болмағандықтан, онымен бірге жатуға мүмкіндік болмады. Сондықтан үйде емделеміз деп бас тартуға мәжбүр болдым", – деді Инна.

Пансионат бұл оқиға бойынша не деді?

Осы оқиға бойынша “Доброта” пансионатының басшысы Светлана Нестерова да бізге жауап берді. 

“Қызметкеріміз түстен кейін маған бейнеқоңырау арқылы Владимирдің құлап қалғанын айтты. Бұл туралы туыстарына хабар беріп, қызметкеріміз жіберген видеоны жолдадым. Туыстары бейнекамерадан ер адамның құлаған сәті түсірілген видеоны талап етті. Мен оларға: "Оқиғаны өзім көзіммен көрдім" дедім. Өйткені құлаған сәттің видеосын еш қиындықсыз жіберуге болады деп ойладым", – деді пансионат директоры.

Басшының айтуынша, бейнебақылау жүйесіндегі ақаулар 22 қазанда басталған. Мекеме мамандарға жүгінгенімен, оқиға болғанға дейін техникалық мәселе шешілмеген.

"Техникалық ақау болды. Камералар бірде жазып, бірде жазбай қалады. Кейбірі бейнені төңкерілген күйде түсіре бастаған. Үлкен ерлер бөлмесіндегі камера мүлде жазбай қалған. Әрине, мұның бәрі сырт көзге өте күмәнді көрінеді. Туыстарының жағдайын түсінемін. Дәл осындай сәтте камераның істемей қалғаны күдік тудыратынын білемін. Бірақ жағдай осылай қалыптасты", – деп түсіндірді ол.

Директордың айтуынша, пансионатқа полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері келген кезде бейнебақылау камералары қайтадан жұмыс істей бастаған. Оның сөзінше, медицина қызметкерлері ер адамды қарап, ауыр жарақаттарды байқамаған.

"Жедел жәрдем қызметкерлері де келіп, Владимирді қарап шықты. Олардың айтуынша, клиникалық белгілер бойынша айқын сынық байқалмаған. Бетінде қатты ісіну болмады, көз алмасының қозғалысы еркін әрі ауырсынусыз болды. Дегенмен қалыптасқан жағдайға байланысты оны Жандосов көшесі, 6 мекенжайындағы Орталық қалалық ауруханаға апарып, мамандарға көрсетіп, КТ немесе МРТ жасатуды ұсынды. Туыстары бұған келісті", – дейді Светлана Нестерова.

Оның айтуынша, жедел жәрдем мен полиция келген сәтте бейнебақылау камералары қайтадан жазба жүргізе бастаған. Директор отбасы пансионаттан кеткеннен кейін де Владимирдің жағдайын сұрап, қызы Ольгамен байланысқанын айтады.

"Олар кеткеннен кейін шамамен бір жарым-екі сағат өткен соң Ольгаға хабарласып, жағдайларын сұрадым. Ол әкесінің жағдайы нашар екенін жазды. Кейін маған төртінші қалалық ауруханадан берілген қорытындыны жіберді. Онда көз ұясының сынуы туралы жазылған. Мен қорытындыны оқып, оған бұл құжатта негізінен созылмалы диагноздар көрсетілгенін, ал жарақаттарға қатысты тұжырымдар алдын ала диагноз екенін айттым", – дейді директор.

Пационат бастығы ер адамның бұрын бокспен айналысқанын және спорт шебері болғанын алға тартады. Оның сөзінше, ер адамның бұрыннан алған жарақаттары болуы мүмкін. Директор медициналық қорытындыдағы мәліметтерге сүйене отырып, ер адамның жарақаттары бұрыннан болуы мүмкін деген пікірде екенін жеткізді. Алайда ол өз сөзін растайтын тәуелсіз сараптама қорытындысын ұсынған жоқ.

Директор отбасыдан ақша талап етілгенін мәлімдеді

Светлана Владимировнаның айтуынша, оқиғадан кейін полиция бөлімінде түсініктеме беріп, қолдарындағы фотосуреттерді, хат-хабарларды және басқа да материалдарды ұсынған. Оның сөзінше, кейін полиция екі тарапқа мәселені бейбіт жолмен шешіп көруді ұсынған.

"Біз полицияға барлық материалды, фотосуреттерді, түсініктемелерді және хат-хабарларды көрсеттік. Кейін мәселені өзара келісіммен шешіп көру туралы ұсыныс болды. Бірақ туыстары өте үлкен көлемде ақша талап етті. Әңгіме әкесінің емделу шығындарын өтеу туралы емес, моральдық зиян үшін өтемақы төлеу туралы болды. Біз өзімізді кінәлі санамайтындықтан, ақша төлеуден бас тарттық. Егер олар сотқа жүгінгісі келсе, сотта өз кінәміздің жоқ екенін дәлелдеуге дайынбыз", – дейді пансионат директоры.

Оның айтуынша, отбасы полицияға арызданғаннан кейін іс аудандық полиция басқармасына берілген. Директор құқық қорғау органдарының қызметкеріне де барлық материалды қайта жолдағанын айтады. Директор пансионат қызметкерлері жедел жәрдем саласында тәжірибесі бар мамандар екенін, сондықтан жарақаттың сипатын ажырата алатынын да атап өтті. Ол отбасының барлық айыптауымен келіспейтінін және қажет болған жағдайда сотта өз ұстанымын қорғауға дайын екенін жеткізді.

Инна Лисина Светланадан көп ақша талап еткенін жоққа шығарды. Оның сөзінше, жай ғана оның пационатын жауып тастауды талап еткенін ғана сұраған.

Бұл туралы Алматы қаласының полиция департаментінен пікір сұрап көрдік алайда, департамент тарапынан әзірге жауап жоқ.

Еске сала кетейік, Алматыда 72 жасында ұлының қарызын өтеу үшін түнде такси жүргізіп жүрген әжейдің оқиғасы көпшіліктің жүрегін ауыртты. Зейнеткердің ет жеуге де ақшасы жетпейтінін айтып, мұңын шаққан видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады.

 

Ислам Әден
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 17:47