"Табысы жоғары": Қазақстандықтарға жалақысына байланысты жалдамалы баспана беруден бас тартып жатыр
2019 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған әйелдің баспана алуға мүмкіндігі туғанымен, табысы белгіленген шектен асып кеткені үшін өтініші мақұлданбаған. Ол айына 250 мың теңге табыспен екі баланы асырау, пәтерақы мен несие төлеу оңай емес екенін айтып, жүйенің талабына наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Айына 250 мың теңгеге қалай күн көруім керек”
Жеті жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған әйелдің айтуынша, 9 қарашада оған 1414 нөмірінен кезегі келгені және арендалық баспана алу үшін табысын растауы керектігі туралы SMS келген. Алайда барлық талаптан өткенімен, табысы белгіленген мөлшерден асып кеткені үшін баспана беруден бас тартқан.
"Барлық талаптан өтіп, құжаттарымды тапсырдым. Алайда табысым белгіленген мөлшерден асып кеткендіктен, бас тартты. Екі баламен айына 250 мың теңгеге қалай күн көруім керек екенін түсінбеймін. Олар басқа шығындарды ескермей ме? Пәтер жалдаймын, несием бар, балаларымның қосымша сабақтарына ақша төлеймін. Неге әр отбасының жағдайын жеке қарастырмайды? Неге автоматты түрде "табыс мөлшері асып кетті" деп бас тартады? Бір шырғалаңға түскендейміз. Банкке хабарлассам, бірінен-біріне сілтейді. Ешкім нақты сұрақтарыма жауап бере алмайды", – дейді әйел.

Ол банк белгілеген табыс шегіне наразылық білдіріп, тұрғындардың нақты жағдайы мен күнделікті шығындары ескерілуі керек екенін айтты.
"Адамдардың нақты жағдайына қарау керек қой! Пәтер жалдап тұратындар ай сайын қанша ақша жұмсайтынын ескерсеңіздерші. Ал сіздер тек табысқа қарап отырсыздар. Үйімізге келіп, шығындарымызды өз көздеріңізбен көріп, есептеп көріңіздер. Күн сайын бәрі қымбаттап жатыр, ал сіздер баспанаға мұқтаж адамдардың бәріне бас тартасыздар", – дейді әйел.
Жанетта да арендалық баспана алу үшін өтініш беріп, табысы белгіленген мөлшерден асып кеткені туралы бас тарту алған. Әйел екі баламен күн көру оңай емес екенін айтып, пәтерақыны төлеу, балаларын азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету, мектеп пен спортқа қатысты шығындарды өтеу керек екенін жеткізген. Оның айтуынша, мұның бәрі ескерілмей, тек отбасының табысына қарап шешім шығарылады.
"Менде де дәл осындай жағдай! Үш балам бар. Екеуі балабақшаға барады, үлкен қызым ағылшын тілі курсына қатысады әрі ұзартылған күн тобында оқиды. Ең бастысы, табысты барлық ұсталымға дейінгі мөлшермен есептейді, ал шығындарды ескермейді. Ал 2-5%-дық ипотекалық бағдарламаға өтініш берсең, керісінше, табысың жетпейді. Сонда осы екі талаптың ортасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болады?" – дейді Әсемгүл Бұхарбаева.
“Мені тұрғын үй кезегіне де қоймайды, бірден бас тартады!”
Ал Ғалияның Мұхамбетованың айтуынша, ол да 2010 жылдан бері баспана кезегіне тұруға тырысып келеді. Алайда осы уақытқа дейін бірнеше рет бас тарту алған. Әйелдің сөзінше, құжаттарының барлығы болғанымен, баспана мәселесі әлі шешілмеген.
"Сонда Отбасы банк несиеге белшесінен батып жүрген адамдарға да арендалық баспана беруден бас тарта ма?! Банктің саясатын түсінбеймін. Халық президентке және әкімге хат жазуға мәжбүр бола ма? Мұндай жағдайға тап болған әйелдер аз емес қой! Ал бос тұрған арендалық баспаналарды кімдерге беріп жатырсыздар? Өз таныстарыңызға ма, әлде бұрын Отбасы банкте "көмекшілер" арқылы мәселені шешкендерге ме?! Мен де 2010 жылдан бері кезекке тұруға тырысып келемін, бірақ үнемі бас тарту аламын. Құжаттарымның бәрі бар, осы жылдар бойы жинаған скриншоттарым да сақтаулы. Осы уақытқа дейін пәтер жалдауға қыруар ақша жұмсадым. Болашақта баспаналы боламыз деп күтіп жүргендер көп", – дейді Ғалия Мұхамбетова.
Сондай-ақ Ғалия Мұхамбетова банк басшылығына да үндеу жасап, мәселені шешу үшін жоғары тұрған органдарға жүгінуге мәжбүр екенін жеткізген.
“Мені тұрғын үй кезегіне де қоймайды, бірден бас тартады! Егер менің бес-алты пәтерім болса, түсінер едім. Бірақ банктің "Өз үйім" бағдарламасына қатысу үшін де үй құнының 50%-ын қайдан табамын?! Жақында Атырау филиалы директорының орынбасарына жағдайды түсіндіруге тырыстым, бірақ олар мені тыңдамай, сөзімді елемегендей болды. Енді жоғары тұрған органдарға жүгінуге тура келеді. Әйелдер болып өз құқығымызды қорғауға мәжбүрміз! Мемлекеттік бағдарламаларға қаншама қаражат бөлінді, бірақ Қазақстан азаматтарының көбі әлі күнге дейін жеке үйі немесе пәтері жоқ. Отбасы банк бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін түсінбейтін сияқты!" – дейді Ғалия Мұхамбетова.
Отбасы банк өкілдері тұрғындардың шағымына жауап беріп, арендалық баспана алу үшін белгіленген табыс шектерін түсіндірді.
"Белгіленген талаптарға сәйкес, үш және одан да көп адамнан тұратын отбасылардың соңғы алты айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда екі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. 2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болады. Есептеу кезінде отбасының жалпы табысы ескеріледі. Ал пәтер жалдау ақысы, несие төлемдері және балалардың қосымша сабақтарына жұмсалатын шығындар табыстан шегерілмейді. Тексеру нәтижесіне қатысты қосымша түсініктеме алу үшін Отбасы банктің жақын маңдағы бөлімшесіне жүгіне аласыз", – деп жауап берді банк.
Тексеру кезінде отбасының соңғы алты айдағы орташа айлық табысы есепке алынады дейді банк өкілдері.

"Бағдарламаға қатысу үшін табыс мөлшеріне мынадай шектеулер белгіленген:
- Бір адам үшін – айлық табысы 279 мың теңгеден аспауға тиіс.
- Екі адамнан тұратын отбасы үшін – әр адамға шаққандағы табыс 178 мың теңгеден, яғни отбасының жалпы табысы 356 мың теңгеден аспауға тиіс.
- Үш және одан да көп адамнан тұратын отбасы үшін – әр адамға шаққандағы табыс 101 мың теңгеден аспауға тиіс.
Сонымен қатар отбасының табысы ай сайын бірдей бола бермейтінін түсінеміз. Бір айда табыс жоғары болса, келесі айда төмен болуы мүмкін", – деп пікір білдірді банк.
"Табысы жоғары": Қазақстандықтарға жалақысына байланысты жалдамалы баспана беруден бас тартып жатыр