Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баламның қарызын төлеп жүрмін": Алматыда 72 жастағы әжейдің тағдыры көпшілікті толқытты

Такси әжей
Фото: Видеодан скриншот

Алматыда 72 жасында ұлының қарызын өтеу үшін түнде такси жүргізіп жүрген әжейдің оқиғасы көпшіліктің жүрегін ауыртты. Зейнеткердің ет жеуге де ақшасы жетпейтінін айтып, мұңын шаққан видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әжейдің тағдыры туралы оның көлігіне мінген жолаушылардың бірі Instagram парақшасында жазды.

Ер адамның айтуынша, түнгі сапар кезінде жүргізушімен әңгімелесіп, оның 72 жаста екенін білген. Айым есімді кейуана қаржылық қиындыққа тап болып, егде жасына қарамастан такси жүргізуге мәжбүр болыпты.

Жолаушының сөзінше, зейнеткердің ұлы анасына несие мен қарыздарын қалдырып кеткен. Соның салдарынан әжей тапқан табысының басым бөлігін берешегін өтеуге жұмсап, өзіне азық-түлік алуға да ақшасы жетпей жүрген көрінеді.

“Жаңа ғана таксиге міндім. Жүрегім ауырып кетті. Әжей 72 жаста екен. Амалсыздан түнде такси жүргізіп жүр. Баласы несиелері мен қарыздарын анасына қалдырған. Тіпті тамаққа әрең ақша жеткізеді”, – деп жазды видео авторы.

Видео авторы әжей ешкімнен көмек сұрамағанын, өміріне де шағымданбағанын атап өтті. 

Желі қолданушыларына әсіресе зейнеткердің сүйікті тағамдарын сатып алуға да шамасы келмейтінін айтқан сөзі қатты әсер еткен. Әжейдің сөзінше, тапқан ақшасының бәрі қарыз өтеуге кететіндіктен, көптен бері ет, мәнті мен тұшпараны аңсап жүр. Кейуана тіпті дүкенде сатылатын дайын тағамдарды да сатып ала алмайтынын жеткізген.

“Ет асып жегім келеді. Бешбармақ жегім келеді, мәнті, тұшпара жегім келеді. Тіпті дүкендегі дайын тұшпараны да сатып ала алмаймын. Ақшамның бәрі қарызға кетеді. Қазір бәрі қымбат қой. Қарыздарымнан құтылсам, содан кейін тамақ ішермін”, – дейді кейуана.

Айым әжейдің арманы – қарыздарынан біржола құтылып, тапқан табысын өз қажетіне жұмсау. Ол күндердің күнінде амалсыздан емес, өз қалауымен ғана жұмысқа шығатын уақыттың келеріне үміттенеді.

Жолаушы зейнеткердің әңгімесінен кейін қатты толқығанын айтып, оның тағдырын көпшілікке жеткізу туралы шешім қабылдапты.

Қазақстандықтар әжейге көмектесуге ниет білдірді

Видеоның астына жүздеген желі қолданушысы пікір жазып, зейнеткерге жанашырлық танытты. Көпшілік әжейдің байланыс нөмірін сұрап, азық-түлік жеткізіп беруге немесе қаржылай көмектесуге дайын екенін білдірген.

“Әжейдің байланыс нөмірі бар ма? Ең болмаса тұшпара, мәнті сияқты тағамдар апарып берейік”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Кейбір қолданушылар бұл оқиға өз аналары мен әжелерін еске түсіргенін айтып, егде жастағы адамның осындай қиындыққа тап болғанына қынжылды.

“Барлық анаға денсаулық пен бақыт тілеймін”, “Алла тағала әжейге күш-қуат, сабыр беріп, қиындықтан шығуына жәрдем етсін”, – деп тілек білдірді көпшілік.

Ал енді бірі әжейдің ұлына қатысты айтылған жайтқа наразылық білдірді. Олар қарт анасының осындай жаста жұмыс істеуіне жол берген баласының әрекетін сынға алды.

Желідегі пікірлер
Фото: Скриншот / Instagram

Дегенмен кейбір желі қолданушылары жағдайдың мән-жайын толық білмей тұрып, асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Өйткені қарыздардың қандай жағдайда пайда болғаны, кімнің атына рәсімделгені және ұлының бұл жағдайға қаншалық қатысы бары әзірге нақты белгісіз.

Желіде әжейге көмектесу үшін оның банк деректерін жариялау мәселесі де талқыланды. Бірқатар қолданушы мұндай жағдайда ақпараттың шынайылығына көз жеткізу керегін ескертсе, көпшілік зейнеткерге қол ұшын созуға дайын екенін жазды.

Желідегі пікірлер
Фото: Скриншот / Instagram

Кейін видео авторы әжейге қаржылай көмектескісі келетіндер үшін оның банк деректерін жариялап, жанашырлық танытқан қазақстандықтарға алғыс айтты.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобус жүргізушісі жағымсыз иісі үшін егде жастағы әйелді көліктен түсіріп тастағаны хабарланған еді. Оқиға қаладағы №118 бағыттағы автобуста болған. Оқиға куәгерінің айтуынша, автобустың ішінде кенеттен жағымсыз иіс шыға бастаған. Автобус жүргізушісі жолаушылардың шағымдары мен өтінішін ескере отырып, әжейді аялдамалардың бірінде түсіріп кетуге мәжбүр болған. Желі қолданушыларының бір бөлігі жүргізушінің әрекетін дұрыс деп бағаласа, енді бірі қарияның жасын ескеріп, түсініктік таныту қажет еді деген пікірде.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 14:40