Қазақстандықтар жыл басынан бері ақылы жолдармен жүру үшін 95 миллиард теңге жұмсаған
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақылы жолдардан қанша қаражат түсетінін және жиналған ақша қайда жұмсалатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дархан Иманашевтың айтуынша, 2025 жылы жүргізушілер ақылы жолдармен жүргені үшін шамамен 87 миллиард теңге төлеген. Ал 2026 жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 95 миллиард теңгеге жеткен.
"Биылғы жоспарымыз – 100 миллиард теңге. Меніңше, жыл соңына дейін шамамен 105 миллиард теңге болады. Мұның бәрі көлік қозғалысының қарқындылығына байланысты", – деді ол.
Бұған дейін жиналған қаражаттың шамамен 35%-ы ақылы жолдарды күтіп ұстауға жұмсалатын. Енді осы қаржы есебінен республикалық маңызы бар тегін жолдарды да күтіп ұстауға рұқсат берілген.
Бұл бұрын тегін жолдарды күтіп ұстауға бюджеттен бөлінетін шамамен 70 миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар биыл "ҚазАвтоЖол" алғаш рет ақылы жолдардың орташа жөндеу жұмыстарына шамамен 30 миллиард теңге бөлген.
Басқарма өкілінің сөзінше, енді қаражаттың 90-95%-ы автожолдарды күтіп ұстауға жұмсалады. Ал республикалық маңызы бар барлық жолды күтіп ұстауға шамамен 107 миллиард теңге қажет.
Еске салайық, Қазақстанда 2027-2029 жылдары ақылы жолдармен жүру тарифтері кезең-кезеңімен көтерілуі мүмкін екенін жазған едік.
Көлік министрлігі 2027-2029 жылдарға арналған ақылы автомобиль жолдарымен жүру тарифтерін кезең-кезеңімен өзектендіру жоспарын бекітті. Құжатқа сәйкес, тарифтер жыл сайын көлік құралдарының санаты мен класына қарай сараланып өзгертіледі.
Атап айтқанда, жеңіл көліктер мен салмағы 10 тоннаға дейінгі жүк көліктерін қамтитын 2-5-кластағы көлік құралдары үшін тарифтерді 30%-ға дейін арттыру көзделген. Ал салмағы 10 тоннадан асатын жүк көліктерін қамтитын 6-7-кластағы көліктер үшін жол ақысы 50%-ға дейін көтерілуі мүмкін.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады
