Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ақылы жолдармен жүру құны 50%-ға дейін қымбаттауы мүмкін

Ақылы жол
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 2027-2029 жылдары ақылы жолдармен жүру тарифтері кезең-кезеңімен көтерілуі мүмкін. Көлік министрлігі тарифтерді жыл сайын қайта қарауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көлік министрлігі 2027-2029 жылдарға арналған ақылы автомобиль жолдарымен жүру тарифтерін кезең-кезеңімен өзектендіру жоспарын бекітті. Құжатқа сәйкес, тарифтер жыл сайын көлік құралдарының санаты мен класына қарай сараланып өзгертіледі.

Атап айтқанда, жеңіл көліктер мен салмағы 10 тоннаға дейінгі жүк көліктерін қамтитын 2-5-кластағы көлік құралдары үшін тарифтерді 30%-ға дейін арттыру көзделген. Ал салмағы 10 тоннадан асатын жүк көліктерін қамтитын 6-7-кластағы көліктер үшін жол ақысы 50%-ға дейін көтерілуі мүмкін.

Тарифтер не үшін көтеріледі?

Көлік министрлігінің мәліметінше, тарифтерді қайта қарау жолдарды күтіп-ұстау мен пайдалануды тұрақты қаржыландыру үшін қажет. Сондай-ақ бұл жолдардың техникалық жағдайын нормативтік талаптарға сай сақтауға мүмкіндік береді.

Министрлік тарифтер көтерілгеннен кейін де Қазақстандағы жол ақысы бірқатар көрші елдердегі салыстырмалы көрсеткіштерден едәуір төмен болып қалатынын атап өткен. 

 

Тарифтердің өсуіне бизнес өкілдері алаңдаулы

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы ақылы жолдармен жүру құнының көтерілуі тек жүргізушілерге ғана емес, жүк тасымалы, логистика және сауда салаларындағы кәсіпкерлерге де әсер ететінін мәлімдеді. Өйткені көлік шығындарының артуы тасымалдың өзіндік құнына, бизнес шығыстарына, соның салдарынан тауарлар мен қызметтердің бағасына ықпал етеді.

Осыған байланысты "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы тарифтерді қайта қарау процесі бизнес-қоғамдастықпен ашық диалог негізінде жүргізілуі керек деп санайды. Палата қабылданатын шешімдердің экономикалық салдарын жан-жақты бағалаудың маңызын атап өтті.

"Атамекеннің" ұстанымы бойынша, жол инфрақұрылымын тиісті деңгейде күтіп-ұстау мен бизнестің бәсекеге қабілеттілігін сақтау арасында тепе-теңдік болуы қажет.

“Тарифтердің өсуі экономикалық тұрғыдан негізделген, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын және алдын ала болжанатын болуы тиіс. Жаңа мөлшерлемелерді белгілеу кезінде көлік құралдарының класы мен сипаттамаларын, ақылы учаскелерді пайдалану қарқындылығын, сондай-ақ қосымша шығындардың көлік-логистика саласына әсерін ескеру маңызды”, – делінген хабарламада. 

Палата ақылы жолдар желісін тұрақты дамыту тарифтерді көтерумен ғана шектелмеуі керек екенін атап өтті. Жиналған қаражаттың жұмсалу ашықтығын қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымының сапасын арттыру және оны күтіп-ұстау тиімділігін күшейту де маңызды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның жол саласында 8 миллиард теңгенің заңбұзушылығы анықталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 22:16