Қазақстанның жол саласында 8 миллиард теңгенің заңбұзушылығы анықталды
Қазақстанда автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде анықталған заңбұзушылықтар бойынша 33 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Мәліметке сәйкес, мемлекетке келтірілген залал шамамен 8 миллиард теңге болды. Негізсіз тендерлердің күшін жою арқылы 36 миллиард теңге бюджет қаражаты үнемделген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов автомобиль жолдары саласын реформалау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиевтің айтуынша, тексерулер барысында жолдарды жоспарлау, салу және пайдалану кезеңдерінде жүйелі заңбұзушылықтар анықталған. Қазір осы фактілер бойынша 33 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Келтірілген залалдың мөлшері – шамамен 8 миллиард теңге.
Сонымен қатар негізсіз шарттар мен мемлекеттік сатып алу жоспарларының күшін жою нәтижесінде 36 миллиард теңге көлеміндегі шығын үнемделген. Атап айтқанда, бұрын жөнделген жолдарды, тіпті мердігерлердің кепілдік міндеттемесі әлі аяқталмаған учаскелерді қайта жөндеуге тендер жариялау деректері анықталған.
Осыған байланысты жол құрылысына арналған нормативтерді жаңарту, битум сапасын жақсарту және жаңа технологияларды енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, Superpave технологиясы мен полимерлі-модификацияланған асфальтбетонды қолдану, жол жабынын бұзбай тексеру әдістерін енгізу және зертханалық бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, ауыр жүк көліктерінің жолға түсіретін салмағын бақылау күшейтілмек. Автоматтандырылған өлшеу станцияларын айналып өту және салмақ-габарит талаптарын бұзу деректерін автоматты түрде тіркеу тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылды. Цифрлық бақылау құралдарын бірыңғай E-Kolik жүйесіне біріктіру де жалғасып жатыр.
Жиын соңында Олжас Бектенов автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобына қараша айының соңына дейін ұсыныстардың кешенді пакетін әзірлеуді тапсырды. Құжатта жолдардың мерзімінен бұрын бұзылу себептерін жою және мердігерлердің жұмыс сапасына жауапкершілігін арттыру шаралары қамтылуы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан үкіметі жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режиміне қатысты ел бойынша 2-3%-дық бірыңғай мөлшерлеме енгізу туралы депутаттың ұсынысын қолдамағаны туралы жазған едік.
"Қайда жұмыс істейсіз, қанша жалақы аласыз?": Қазақстан ата-аналары мектептердің жеке мәліметтерді сұрауына наразы болып жатыр