Ең төменгі айлықтың өсуі елде қанша адамның табысына әсер етеді
Елімізде келесі жылдан бастап бірқатар өзгеріс күтілуде. Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өсіп, шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізілуі мүмкін. Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Президент Жолдауын жүзеге асыруға арналған жоспарды таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге өседі
Азамат Әмриннің айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы қазіргі 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Яғни 25 мың теңгеге өседі. Ол үшін қажетті қаражат алдағы үш жылға арналған бюджетте қарастырылмақ. Бұл өзгеріс 1,8 миллионға жуық адамның табысына әсер етпек. Олардың 370 мыңнан астамы – бюджет саласының қызметкерлері.
Үкімет халықтың табысын арттыру үшін экономиканы дамытып, бағаның өсуін баяулатуды көздеп отыр. Сонымен қатар тауарлар мен қызметтердің бағасын бақылауды күшейту жоспарланған.
"Халықтың табысын арттыру экономиканың тұрақты әрі сапалы өсуі, сондай-ақ инфляцияның төмендеуі есебінен қамтамасыз етіледі", – деді вице-министр.
Шағын бизнесті үш жыл тексермеу ұсынылды
Кәсіпкерлерді қолдау үшін де бірқатар өзгеріс қарастырылып жатыр. Соның бірі – шағын және микробизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу.
"Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро-және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Бұдан басқа, бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына тарту тәсілдері жетілдіріледі", – деді Азамат Әмрин.
Бұдан бөлек, орта бизнесті дамытуға арналған арнайы жоспар дайындалады. Ол кәсіпкерлердің ұзақ мерзімге қаржы алуына, өндіріс орындарын заманауи технологиялармен жабдықтауына және мемлекеттік органдар тарапынан болатын кедергілерді азайтуға бағытталады.
Салық кодексіне өзгерістер енгізіледі
Үкімет салық жүйесін де қайта қарамақ. Вице-министрдің сөзінше, жыл басынан бері кәсіпкерлермен бірге салық заңнамасындағы мәселелер талқыланып келеді. Олардың ұсыныстары негізінде Салық кодексіне енгізілетін түзетулер дайындалған. Сонымен қатар ірі капитал иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл ретте басқа елдердің тәжірибесі зерттеліп, Қазақстан жағдайына сай шешім қабылданбақ.
Ірі құрылыс жобаларына қаржы қалай бөлінеді?
Үкімет елдегі ірі құрылыс жобаларын қаржыландыру тәртібін де өзгертуді жоспарлап отыр. Ол үшін Инфрақұрылымдық даму қорын құру көзделген. Қордың қалай жұмыс істейтіні, жобаларға қаржының қандай тәртіппен бөлінетіні және оның жұмсалуы қалай бақыланатыны Бюджет кодексіне енгізілетін өзгерістер арқылы реттелмек.
"Негізсіз және тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиялары белсенді қолданылады", – деді Азамат Әмрин.
Яғни мемлекет ірі жобаларға бөлінетін қаржының қалай жұмсалып жатқанын бақылауға жасанды интеллектіні де пайдаланбақ.
"Бәйтерекке" жаңа міндеттер жүктеледі
Ұлттық экономика вице-министрі "Бәйтерек" холдингінің қызметіне де тоқталды. Холдингке елге инвестиция тарту және инвестициялық саясатты жүзеге асыру бағытында қосымша міндеттер беріледі. Сондай-ақ Алатау қаласының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін сот жүйесіне қатысты мәселелермен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылған. Қаланың ерекше құқықтық режимі туралы заңға өзгерістер дайындау жоспарланып отыр. Тиісті түзетулер 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін Құрылтайдың қарауына ұсынылмақ.
Бұдан бөлек, Үкімет мемлекеттік органдардың жұмысын жаңартуды көздеп отыр. Негізгі мақсат – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні күнделікті жұмысқа кеңінен енгізу. Осы бағытта мемлекеттік басқару жүйесін өзгертуге арналған кешенді жоспар дайындалмақ.
Еске салайық, 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған еді. Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны көтеру, халықтың табысын арттыру, кәсіпкерлерді қолдау және мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Бүгін Үкімет осы тапсырмаларды қалай жүзеге асыратынын түсіндірді.
"Қызымның арманы еді": Қазақстандық аналар баласын шетелге жіберуге рұқсат етпейтін әкелерге шағымданды
