Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада автобуста жолаушы қыздың денесіне қол жүгірткен ер адам 10 тәулікке қамалды (видео)

Күдіктіні ұстау сәті
Фото: Видеодан скрин

Астанада қоғамдық көлікте жолаушы қызға тиіскен 33 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін Астана тұрғыны әлеуметтік желіде автобуста ер адамның тиісіп, денесіне қол жүгірткенін айтып, шағымданған еді. 

Астана қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысы бар 33 жастағы ер адамның ұсталғанын хабарлады. Полицияның мәліметінше, ер адам құқық бұзушылық жасаған сәтте мас күйде болған.

"Анықталғандай, автобус ішінде келе жатқан ер адам қыздың бөксесіне қол тигізген. Болған жағдайға наразылық білдірген жолаушы оған ескерту жасағаннан кейін ер адам автобустан түсіп кеткен", – делінген полиция хабарламасында. 

Полицияның мәліметінше, ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Астана полициясы қоғамдық орындарда құқыққа қайшы кез келген әрекетке жол берілмейтінін ескертті.

Еске салсақ, бұған дейін астаналық әйел автобуста белгісіз ер адамның өзіне қол жүгірткенін айтып, шағымданғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 20 Қараша, 2026 21:16