Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тұрғын үйді міндетті сақтандыру енгізіледі: азаматтар жылына қанша төлейді

старховка
Фото: mirmaksa.ru

Қазақстанда пәтерлер мен жеке үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жоспарланып отыр. Жаңа жүйе бойынша тұрғындар жыл сайын 2 мыңнан 22 мың теңгеге дейін жарна төлеуі мүмкін. Ал жер сілкінісі, су тасқыны немесе орман өрті салдарынан баспанасы бүлінген азаматтарға сақтандыру қорынан өтемақы беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Міндетті сақтандыру жүйесіне қатысты қосымша мәліметтерді Krisha.kz редакциясы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ресми сауал жолдап анықтаған. Ведомство жауабында қандай тұрғын үйлер сақтандырылатыны, жылдық жарна мөлшері, полис болмаған жағдайда не болатыны және кімдерге сақтандыру қажет болмайтыны түсіндірілген.

Жаңа талап барлық тұрғын үй иесіне бірдей енгізілмейді. Жоспар бойынша, сақтандыру жүйесі алдымен Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысында іске қосылады. Кейін оны тағы 13 өңірге тарату көзделген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген бастамаға сәйкес, жеке тұлғалардың меншігіндегі тұрғын үйлер міндетті сақтандыруға жатады. Оған пәтерлер мен жеке үйлер кіреді. Алайда сақтандыру тек ғимараттың өзіне қатысты болады. Яғни үй ішіндегі жиһаз, тұрмыстық техника, киім-кешек және басқа да жеке заттар өтемақы есебіне кірмейді.

Полис үш негізгі табиғи қауіптен қорғайды:

  • жер сілкінісі;

  • су тасқыны мен су басу;

  • табиғи сипаттағы орман өрттері.

Сақтандыруды арнайы құрылатын қор арқылы немесе сақтандыру компанияларының көмегімен рәсімдеу жоспарланған. Полисті жыл сайын жаңартып, тиісті жарнаны қайта төлеу қажет болады.

Жыл сайын қанша ақша төлеу керек?

Алдын ала есеп бойынша, тұрғын үйді міндетті сақтандырудың жылдық жарнасы 0,5-тен 5 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін болады. 2026 жылғы АЕК мөлшерімен есептегенде бұл шамамен 2 163-21 625 теңге аралығында.

Жарна көлемі адамның қай өңірде тұратынына және сол аумақтағы табиғи апат қаупіне байланысты белгіленеді. Яғни жер сілкінісі, су тасқыны немесе орман өрті қаупі жоғары аймақтарда сақтандыру қымбатырақ болуы мүмкін. Мысалы, Алматыда жер сілкінісінің қаупі жоғары болғандықтан, тұрғындар үшін жарна мөлшері жоғарғы шекке жақын болуы ықтимал. Ал табиғи апат қаупі төмен өңірлерде төлем көлемі аз болады.

Үй қираса, қанша өтемақы беріледі?

Сақтандыру төлемі тұрғынның жыл сайын төлеген жарнасына байланысты есептеледі. Алдын ала ұсынылған тәртіп бойынша, баспана толық қираған жағдайда азаматқа жылдық жарнаның 500 еселенген мөлшері, ал жартылай бүлінген кезде 250 еселенген мөлшері төленуі мүмкін.

Мысалы, егер тұрғын жылына ең жоғары 21 625 теңге жарна төлесе:

  • Үй толық қираса – 10 миллион 812 мың 500 теңге;

  • Үй жартылай бүлінсе – 5 миллион 406 мың 250 теңге.

Ал ең төменгі жарна – 2 163 теңге болған жағдайда өтемақы шамамен 1 081 500 теңге және 540 750 теңгені құрайды.

Дегенмен бұл қаражат қираған үйдің толық нарықтық құнын өтеуге арналмаған. Қордан берілетін ақша ең алдымен баспананы қалпына келтіруге немесе зардап шеккен отбасының алғашқы қажеттіліктерін өтеуге бағытталады.

Егер азамат үйін толық қалпына келтіруге немесе жаңа баспана сатып алуға жеткілікті өтемақы алғысы келсе, қосымша ерікті сақтандыру рәсімдей алады. Бұл жағдайда сақтандыру сомасын тұрғын үйдің нарықтық құнына қарай арттыруға мүмкіндік бар.

Сақтандыру болмаса, айыппұл салына ма?

Алдын ала мәлімет бойынша, міндетті сақтандыру полисін рәсімдемегені үшін азаматтарға айыппұл салынбайды. Алайда сақтандыруы жоқ үй иесі табиғи апаттан кейін арнайы қордан өтемақы ала алмайды.

Бұл ретте мемлекет тарапынан зардап шеккендерге көрсетілетін көмек тоқтамайды. Яғни міндетті сақтандыру мемлекеттік қолдауды алмастырмайды, керісінше, оған қосымша қаржылық қорғаныс тетігі ретінде енгізілмек.

Тағы бір маңызды жайт – табиғи апат болған жағдайда ақша автоматты түрде аударылмайды. Алдымен әкімдік жанындағы комиссия тұрғын үйдің шынымен сақтандыруға жататын апаттан зардап шеккенін анықтап, бүліну деңгейін бағалайды.

Одан кейін үй иесі арнайы қорға онлайн немесе жеке өтініш береді. Сақтандыру жағдайы расталған соң, өтемақы бес жұмыс күні ішінде банк шотына аударылады немесе қолма-қол беріледі.

Міндетті сақтандыру қашан енгізіледі?

Жүйені іске қосу екі кезеңге жоспарланған.

  • 2027 жылғы 1 шілде: арнайы сақтандыру қорын жұмысқа дайындау басталады.

  • 2030 жылғы 1 шілде: тұрғын үйді міндетті сақтандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Алғашқы кезеңде жүйе Алматы, Шымкент және Жамбыл облысында іске қосылады. Кейін тағы 13 өңірге таратылады. Олардың нақты тізімін Үкімет бекітеді.

Қор алғашқы кезеңде қаражат жинақтап, сақтандыру жүйесінің қаржылық негізін қалыптастыруы керек. Сондықтан жүйенің іске қосылуы мен нақты өтемақы төлеудің басталу мерзімдерін ажыратқан жөн. Қаражат жинақтау кезеңіне байланысты сақтандыру төлемдерін толық көлемде жүргізу 2031 жылдан басталуы мүмкін.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасында осы бастаманы ұсынған болатын. Жүйені іске асыру үшін заңнамалық өзгерістер қажет.

Осылайша, Қазақстанда тұрғын үйді міндетті сақтандыру енгізілсе, азаматтар жыл сайын баспанасын табиғи апаттардан қорғау үшін жарна төлейді. Бірақ бұл төлем үй қираған жағдайда оның толық құнын қайтаруға кепілдік бермейді. Негізгі мақсат – төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға алғашқы қаржылық көмек көрсету және апат салдарын жою кезінде мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайту.

 

Айнура Дарибаева
Жұма, 20 Қараша, 2026 17:29