ҰБТ-дағы өзгеріс түлектердің наразылығын тудырды: Екі жыл дайындалған пәндерін тапсыра алмауы мүмкін
2027 жылғы ҰБТ-да химиялық инженерия мамандығына түсу үшін бейіндік пәндер комбинациясы өзгеруі мүмкін. Бұған дейін талапкерлер "Химия – Физика" пәндерін таңдаса, енді олардың орнына "Химия – Биология" комбинациясын енгізу жоспарланып отыр. Алайда бұл жаңалықты оқу жылының ортасында естіген 11-сынып оқушылары дайындықтары зая кетеді деп алаңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Түлектер неге наразы?
Әлеуметтік желіде қазақстандық қыздың ҰБТ-дағы өзгерістерге қатысты жазбасы қызу талқыланды. Ол 10-сыныптан бері химия мен физиканы қатар оқып, жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген сіңлісінің жағдайына алаңдайтынын жеткізген.
"Сіңлім 10-сыныптан бастап осы екі пән бойынша арнайы курстарға қатысады. Екі жыл бойы күш-жігері мен уақытын осы пәндерді меңгеруге жұмсады. Енді ол не істейді?" – деп жазды ол.
Жазба авторы химиялық инженерия мамандығына түсу үшін физиканың орнына биологияны талап ету қаншалықты орынды екенін түсінбейтінін айтқан. Оның сөзінше, жаңа пәнді бірнеше айдың ішінде меңгеріп, емтиханға дайындалу оқушыларға оңай болмайды. Бұған қоса, қазақстандық қыз Ұлттық тестілеу орталығының сайтында бұрын "Химия – Физика" комбинациясы бойынша ақылы сынақ тестілері де болғанын еске салды.
11-сынып оқушылары, ата-аналар мен мұғалімдер министрлік пен Ұлттық тестілеу орталығынан бұрынғы пәндер комбинациясын 2027 жылғы ҰБТ-да да қалдыруды сұрайды.
Олардың айтуынша, көптеген оқушы 10-сыныптан бастап физикаға дайындалып, ата-аналары репетиторлар мен оқу курстарына қомақты қаражат жұмсаған.
"Түлектер өзгеріс туралы оқу жылы басталғаннан кейін, 11-сыныптың алғашқы үш айы өтіп кеткенде ғана білді. Шешім алдын ала ескертусіз қабылданғандай әсер қалдырды. 2027 жылғы 10 қаңтарда басталатын қаңтар ҰБТ-сына бір жарым айдан сәл ғана көп уақыт қалды. Осы уақыт ішінде биологияны нөлден бастап меңгеру мүмкін емес", – делінген ата-аналар мен оқушылардың үндеуінде.
Мәселе B060 "Химиялық инженерия және процестер" білім беру бағдарламасына қатысты. Бұл бағытқа мұнай-химия, химиялық технологиялар, мұнай мен газды өңдеу салалары кіреді. Түлектер мұндай мамандықтар үшін биологиядан гөрі физика маңызды деп есептейді.
Ұлттық тестілеу орталығы өзгерісті қалай түсіндірді?
Ұлттық тестілеу орталығы пәндер комбинациясын өзгерту туралы ұсынысты Республикалық оқу-әдістемелік кеңес пен жұмыс беруші кәсіпорындар енгізгенін хабарлады. Орталықтың түсіндіруінше, "Химия – Биология" комбинациясын енгізу талапкерлерге қосымша мамандықтарға түсуге мүмкіндік беріп, саладағы кадр тапшылығын азайтуға көмектеседі.
ҰТО дерегіне сәйкес, жаңа комбинациямен талапкерлер білім берудің төрт саласындағы 18 мамандық бойынша грантқа үміткер бола алады. Ал бұрын "Химия – Физика" пәндерін таңдағандар тек бір мамандыққа ғана түсе алған.
Оқушыларға өзгеріс қашан хабарланды?
Оқушылардың наразылығына жауап берген орталық өзгеріс бірден енгізілмегенін алға тартты. Олардың мәліметінше, жаңа талапқа көшу 2026 жылы басталған.
Сол жылы химиялық инженерия мамандығына түсу үшін талапкерлерге екі нұсқаның бірін таңдау мүмкіндігі берілген. Яғни олар "Химия – Физика" немесе "Химия – Биология" комбинациясын тапсыра алған.
"Өзгеріс кезең-кезеңімен енгізілді. 2026 жылы екі пәннің бірін таңдауға мүмкіндік беретін өтпелі нұсқа қолданылды. Ал 2027 жылдан бастап "Химия – Биология" комбинациясын түпкілікті бекіту жоспарланып отыр", – деп жауап берді ҰТО.
Орталық өкілдері талапкерлерге бұл туралы оқу жылының басында хабарланғанын да мәлімдеді. Олардың айтуынша, 2027 жылғы ҰБТ-ның бейіндік пәндер комбинациялары алдын ала жарияланған.
Алайда редакция 2026 жылғы 30 қыркүйекте ҰТО сайтында шыққан ақпаратты зерделеген. Онда пәндер комбинацияларының тізімі болғанымен, "Химия – Физика" нұсқасының келесі жылдан бастап алынып тасталатыны нақты көрсетілмеген.
Баспасөз қызметінен бұл туралы арнайы ескерту жарияланған-жарияланбағаны сұралғанымен, орталық тағы да сол тізімге сілтеме жасаған.
Жаңа ереже қашан күшіне енеді?
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, өзгерістер нормативтік-құқықтық акт жобасына енгізілген. Қазір құжат келісу сатысында. Дегенмен редакцияға оның жобасы ұсынылмаған және ашық дереккөздерден де табылмаған. Бұл мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігіне де сауал жолданған. Алайда материал жарияланғанға дейін ведомстводан жауап келмеген.
Әзірге ҰТО 2027 жылдан бастап "Химия – Биология" комбинациясын түпкілікті бекіту жоспарланып отырғанын ғана растады. Сондай-ақ орталық сайтта әлі тұрған "Химия – Физика" комбинациясы бойынша сынақ тестілері қолжетімділіктен алынатынын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ҰБТ форматын өзгерту жоспарланып отырғанын жазған едік. Жаңа жүйе бойынша талапкерлер 14 бейіндік пәннен тест тапсырып, сыни ойлау, академиялық жазу, цифрлық сауаттылық және жасанды интеллектіні қолдану дағдылары бойынша да бағалануы мүмкін. Жаңа форматты Ұлттық тестілеу орталығы ETS ұйымымен бірлесіп әзірлеп жатыр. Жобаны 2027 жылдың көктемінде пилоттық режимде сынақтан өткізу жоспарланған.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
