Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Немеремді әкесіне көрсетпейді": Ақбота Керімбекова ұлының не себепті ажырасқанын түіндірді

Ақбота Керімбекова
Фото: Видеодан скриншот

Танымал әнші Ақбота Керімбекова Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында тұңғышының отбасылық өміріне тоқталып, ұлының келінімен не себепті ажырасып кеткенін түсіндірді. Өнер иесі бұрынғы келінімен бүгінде араласпайтынын да жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әнші үлкен ұлының шаңырағы шайқалуына отбасындағы келіспеушілік себеп болғанын жеткізді. Оның айтуынша, келіні бөлек үйге көшкісі келгенімен, ұлы әжесінен алыстағысы келмеген.

“Үлкен ұлымның ажырасуының себебі – келін бөлек шыққысы келді. Ал балам апасының бауырына басқан баласы. Мен жалғыз қыз болғандықтан, анам үлкен ұлымды бауырына басқан. Келін бөлек тұрғысы келді, балам бармаймын деді. Бәрі содан басталды”, – деді әнші.

Ақбота Керімбекова жас отбасының ажыраспауы үшін қолдан келгенше әрекет еткенін айтты. Тіпті бөлек тұруға да қарсы болмағанын жеткізді.

“Ұлымдікі де дұрыс па деп ойлаймын. Бөлек шықсаңдар шығыңдар, ажыраспаңдар деп те айттық. Өзіңнің өміріңдегі қателіктерді балаларың жасамаса екен деп тілейсің. Оны түсінетін де, түсінбейтін де бала бар. Өздерінің таңдауы солай болды. Біз біраз тырыстық. Ақыры екі жаққа кетті. Қазір әрқайсысы өз өмірін сүріп жатыр”, – деді өнер иесі.

Сондай-ақ әнші ажырасқаннан кейін бұрынғы келінімен байланысы үзілгенін айтты.

Ол немересінің әкесімен және оның туыстарымен араласуына кедергі келтіретін жағдайларға қынжылатынын жеткізді.

“Үлкен ұлым ажырасып кетті. Қазір келініммен араласпаймын, өзі де араласқысы келмейді. Неге қазіргі жастар ажырасса, баланы алып қашады? Ата-енесіне, әкесіне берсін, олар да көмектессін. Сол әулеттен туды, солардың ұрпағы. Баланы әкесіне, ата-әжесіне көрсетпейтін қыздарды түсінбеймін”, – деді ол.

Дегенмен әнші бұрынғы келінін кінәлағысы келмейтінін, уақыт өте келе арадағы түсініспеушілік шешілуі мүмкін екенін айтты.

“Түсінетін шығар, ренжімеймін, жас қой әлі. Мүмкін, өкпе-назы бар шығар. Уақыттың еншісіне қойдым. Ол бала ешқайда кетпейді. Менің де әке-шешем ажырасқанымен, әкемнің туыстарынан қол үзген жоқпын. Олармен араласамын, сағынамын. Баласы бар адам бәрібір сол әулетпен байланысты болып қалады”, – деді әнші.

Өнер иесі ажырасқан ерлі-зайыптылардың арасындағы түсініспеушілік балалардың туыстарымен қарым-қатынасына әсер етпеуі керек деп есептейді.

“Қыздарға немерем деп қуанған ата-әжелердің жүрегін ауыртпаңдаршы дегім келеді”, – деп түйіндеді ол.

Әңгіме барысында Ақбота Керімбекова өзге балаларының да жағдайына тоқталды. Айтуынша, екінші ұлы отбасын өзі қамтамасыз етіп отыр. Ал кенже ұлы әлі жас, енді ержетіп келеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 20 Қараша, 2026 17:57