Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әнші Ақбота Керімбекова 30 жылда алғаш рет мемлекеттік наградамен марапатталды

Ақбота Керімбекова мен Аида Балаева
Фото: instagram.com/botakerim

Белгілі әнші Ақбота Керімбекова “Парасат” орденімен марапатталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесіне мемлекеттік награданы Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады. Марапат “Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне” арналған салтанатты жиында Президенттің Жарлығымен берілді.

Әнші қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, өнер жолында жүрген 30 жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет мемлекеттік награда алып отырғанын айтты.

“Бұл – әрине, мен үшін үлкен қуаныш! Өнерде жүрген 30 жылға жуық уақытымда бірде-бір мемлекеттік награда алмағаным көп адамды таңғалдыратын. Оған ең әуелі өзімнің ынтамның, одан кейін талпынысымның болмағаны, ешқашан атақ алу үшін еңбек етпеуім себеп еді. Бірақ халықтың ықыласы, бағасы өнер адамын мерей-мәртебесіз қалдырмайды екен. Бүгін бұйырды”, – деп жазды Ақбота Керімбекова.

Өнер иесі бұл марапатты тек өзінің емес, тыңдармандарының, ұстаздарының, шығармашылық ұжымдардың, ән авторларының, өнер жанашырларының, сондай-ақ ата-анасының еңбегіне берілген баға деп қабылдайтынын жеткізді.

“Сол үшін бұл марапат менің емес, тыңдармандарымның марапаты деп есептеймін. Өнерге қадам басқан жылдарымнан бері маған кәсіби білім берген, тәжірибемді қалыптастырған ұстаздарымның, шығармашылық ұжымдардың, жақсы әндерін ұсынған авторларымның, біздің шығармашылығымызды насихаттаған өнер жанашырларының, әкем мен анамның да марапаты – бұл! Рақмет, ризамын!” – деді әнші.

Сондай-ақ Ақбота Керімбекова мәдениет саласына көңіл бөліп отырған Мемлекет басшысына және өнерге жанашырлық танытып жүрген министрлікке алғысын білдірді. Ол өзі қызмет ететін Роза Бағланова атындағы “Қазақконцерт” мемлекеттік концерттік ұйымына да ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, әнші марапат алғаннан кейін де шығармашылық сапарын жалғастырып, Маңғыстау өңіріне жолға шыққанын айтты. Ол Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, “Қазақконцерттің” бастамасымен жүзеге асып жатқан “Халық әуені” шығармашылық керуені аясында көрермендермен кездеседі.

Еске салайық, күні кеше Тоқаев Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Мақпал Жүнісова, Азат Сейітметов, Асан Мәжит тағы бірқатар өнер адамдарын марапаттағаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 22 Мамыр, 2026 16:33