Қазақстанда несие мен депозиттің пайызын есептеу тәртібі өзгереді
Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдары несие, микрокредит және депозит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін бірыңғай тәртіппен есептейді. Енді қаржы ұйымдары нақты пайыздық мөлшерлемені жарнамада ұсақ қаріппен көрсете алмайды. Сондай-ақ клиенттің өтініші бойынша несие бойынша тиімді мөлшерлемені қайта есептеуге міндетті болады. Жаңа талаптар 30 қарашадан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу тәртібін жаңартты. Жаңа қаулы қаржы ұйымдарына қойылатын талаптарды біріздендіріп, несие мен депозиттің нақты құнын есептеу жолын нақтылайды.
Құжат екінші деңгейлі банктерге, микроқаржы ұйымдарына және басқа да қаржы ұйымдарына міндетті болады. Алайда ислам банктері, сондай-ақ банктер арасындағы қарыздар мен депозиттер бұл талапқа кірмейді.
Несие жарнамасында пайызды жасыруға болмайды
Жаңа ережедегі негізгі өзгерістердің бірі – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін көрсету тәртібі. Бұған дейін жарнамада немесе несие шарттарында номиналды пайыздық мөлшерлеме көзге түсетіндей беріліп, ал несиенің нақты құнын көрсететін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін ұсақ қаріппен жазылуы мүмкін еді.
Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары нақты мөлшерлемені басқа пайыздармен бірдей көлемде және стильде көрсетуге міндетті. Бұл талап:
-
жарнамалық материалдарға;
-
несие шарттарына;
-
клиенттің жеке кабинетіне;
-
мобильді қосымшаларға қатысты.
Сонымен қатар қаржы ұйымдарының сайтында несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін барлық қосымша төлемді ескере отырып есептейтін онлайн-калькулятор болуы керек. Ломбардтар мен кредиттік серіктестіктер үшін сайт болған жағдайда бұл талап қолданылады.
Мұндағы маңызды айырмашылық – номиналды пайыз бен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бір көрсеткіш емес. Номиналды мөлшерлеме несие бойынша негізгі пайызды білдіреді. Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қарыз алушының нақты шығынын, яғни пайызбен бірге есепке алынатын комиссиялар мен қосымша төлемдерді де қамтиды.
Банк несиенің пайызын қандай жағдайда қайта есептейді?
Жаңа талап бойынша қаржы ұйымдары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін төрт жағдайда есептеуге немесе қайта есептеуге міндетті.
-
Несие рәсімдеген кезде. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі келісімшартқа қол қойылған күнгі жағдай бойынша есептеледі.
-
Клиент сұраған кезде. Қарыз алушы банктен несиенің қалған мерзіміне арналған нақты тиімді мөлшерлемені есептеуді талап ете алады. Бұл ретте екі нұсқаның бірін таңдайды: несие берілгеннен бергі барлық төлемді есепке алу немесе тек қалған негізгі қарыз бен алдағы төлемдерге сүйену.
-
Несие шарты өзгергенде. Егер келісімшарттағы өзгерістер клиенттің міндеттемелеріне немесе төлем мерзіміне әсер етсе, мөлшерлеме қайта есептеледі.
-
Қосымша төлемдер пайда болғанда. Несие рәсімдеу кезінде есепке алынбаған шығындар кейін пайда болса, олар да жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі есебіне енгізіледі.
Егер мөлшерлеме өзгерсе, банк немесе микроқаржы ұйымы бұл туралы клиентке келісімшартта көрсетілген тәсілмен хабарлауы керек. Мысалы, азамат несие рәсімдегеннен кейін оған қосымша комиссия немесе басқа төлем енгізілсе, қаржы ұйымы бұл шығынды ескеріп, несиенің нақты құнын қайта есептеуге тиіс.
Несиені қайта құрылымдағанда не өзгереді?
Егер клиент банкпен келісіп, несиені қайта құрылымдаса немесе төлем мерзімін кейінге шегерсе, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бұрынғы тәртіппен емес, қалған міндеттемелер негізінде есептеледі.
Бұл жағдайда банк:
-
негізгі қарыздың қалған сомасын;
-
несиені өтеудің қалған мерзімін;
-
алдағы комиссиялар мен төлемдерді ескереді.
Ал клиенттің несие рәсімделгеннен бері төлеп қойған ақшасы жаңа есепке қосылмайды. Қайта есептелген мөлшерлеме жаңа шарт күшіне енген күні қосымша келісімде көрсетіледі.
Тағы бір ерекшелік бар. Егер несие басқа қаржы ұйымына берілсе, жаңа кредитор да клиенттің өтініші бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін қайта есептеуге міндетті.
Депозиттің табыстылығы қалай есептеледі?
Өзгерістер тек несиеге емес, банктегі депозиттерге де қатысты. Енді салым бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептегенде клиент пен банк арасындағы барлық ақша қозғалысы ескеріледі.
Оның ішінде:
-
депозитке салынған бастапқы ақша;
-
банк ұстайтын комиссиялар;
-
есептелген сыйақы;
-
салымшыға қайтарылған қаражат;
-
тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша берілетін мемлекеттік сыйлықақы бар.
Егер депозит келісімшартында салым мерзімі көрсетілмесе, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу үшін ол шарт жасалған күннен бастап 12 айға ашылған деп есептеледі.
Ал банк депозитке сыйақы төлемейтін болса да, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі есептеледі. Бұл жағдайда мөлшерлеме банктің комиссияларын ескере отырып көрсетіледі.
Жаңа ереже қашан күшіне енеді?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен қаулы 2026 жылғы 30 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.
Осы күннен бастап банктер, микроқаржы ұйымдары және басқа да қаржы ұйымдары несие мен депозиттің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін жаңа тәртіппен есептеуге тиіс.
Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – қаржы қызметтерінің нақты құнын ашық көрсету. Яғни азамат несие рәсімдемес бұрын қанша пайыз төлейтінін ғана емес, комиссиялар мен қосымша шығындарды қосқандағы жалпы қаржылық жүктемесін де түсіне алуы керек.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда несиесін қайта қаржыландырғысы келетіндерге қойылатын талап өзгеруі мүмкін екені айтылған.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
