Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алаяқтарды бірге ұстаймыз деп алдады": Қазақстандық өзі алмаған миллион теңге несиені төлеуге міндеттелді

Алаяқ
Фото: magnific.com

Қазақстандық ер адам өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түсіп, атына бірнеше несие рәсімделгенін білмей қалған. Алаяқтар оған тіпті "банктерге хабарласып, қылмыскерлерді бірге ұстаймыз" деп сендірген. Алайда кейін миллион теңге қарыз коллекторларға өтіп, сот ер адамды өзі алмаған несиені төлеуге міндеттеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Hronika.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Шавкет Зульяровтың басынан өткен. Шавкет Зульяровтың айтуынша, оқиға 2024 жылдың сәуірінде басталған. Сол кезде оған өзін "Актив" ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалған. Ол ер адамның телефон нөмірін белсендіру үшін SMS арқылы арнайы код жіберілетінін айтып, келген кодты сұраған. Шавкет еш күмәнданбастан, кодты телефон арқылы хабарлаған.

Алайда арада жарты сағаттай уақыт өткенде оған тағы бір қоңырау түскен. Бұл жолы хабарласқандар әлгі кодты алаяқтар пайдаланып кеткенін айтып, ер адамның атына үш түрлі несие рәсімделгенін жеткізген. Осыдан кейін олар мәселені шешуге көмектесетін адаммен сөйлестіруді ұсынған. Көп ұзамай Шавкетке өзін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырған ер адам хабарласқан. Ол өзін Асқар деп атап, аты-жөні мен әкесінің атын толық айтып, алаяқтықпен күресетін бөлімді басқаратынын мәлімдеген. Оның сөзінше, Шавкеттің атына үш қаржы ұйымында несие рәсімделген. 

“Ол енді сол банктерге WhatsApp арқылы хабарласып, алаяқтарды әшкерелей аламыз деді. 6 сәуірде туған күнім болған. Балаларым маған телефон сыйлаған еді. Сондықтан қолымда екі телефон болды. Бір телефонмен банк қызметкерімен сөйлесіп отырсам, екіншісі арқылы алаяқтар маған не айту керегін нұсқап отырды. Алдымен бір банкке қоңырау шалдық. Мен оператордың барлық сұрағына жауап бердім. Сол кезде "Ұлттық банктегі жаңағы Асқар" маған не айту керегін айтып отырды. "Бұлар алаяқтар, уайымдамаңыз, қазір оларды ұстап, бұғаттаймыз. Сіздің атыңызға несие қалмайды" деп сендірді. Сөйтіп, маған миллион теңге несие рәсімделгенін айтты. Одан кейін екінші банкке хабарластық. Онда жөндеу жұмыстарына деп 3,3 миллион теңге несие рәсімделген болып шықты. Үшінші микрокредиттік ұйымнан 45 мың теңге несие алынған”, — деді Шавкет Зульяров.

Осы әңгімелерден кейін көп ұзамай Шавкеттің үйіне көршісі келген. Ер адам оған болған жағдайды айтып бергенде, көршісі мұның алаяқтық екенін бірден түсінген. Ол Шавкетке банктерге барып, шоттарын бұғаттауға және жағдайды ресми түрде тіркеуге кеңес берген. Шавкет бірнеше банкке барып, өз атына рәсімделген несиелерге қатысы жоқ екенін айтып, өтініш қалдырмақ болған. Алайда қаржы ұйымдарының қызметкерлері мұндай жағдайда алдымен полицияға жүгіну керегін түсіндірген. 

Содан кейін ер адам Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөліміне арыз жазған. Полиция оны жәбірленуші деп танып, қылмыстық іс қозғаған. Бірақ тергеу әзірге нәтиже бермеген. Шавкеттің айтуынша, құқық қорғау органдары алаяқтарды әлі таппаған.

Сот ер адамның алаяқтық туралы уәжін қабылдамаған

Осы аралықта миллион теңге несие берген қаржы ұйымы берешекті коллекторлық компанияға өткізіп жіберген. Ал коллекторлар қарызды өндіру үшін сотқа жүгінген. Істі Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық соты қараған.

Сот материалдарына сәйкес, Шавкеттің атына миллион теңге көлемінде микрокредит рәсімделген. Қарыз 60 айға, жылдық 40 пайыз сыйақымен берілген. Кейін оны өндіріп алу құқығы коллекторлық компанияға өткен.

Сотта талапкер тарап несие рәсімдеу кезінде ер адамның жеке басы тексеріліп, бейнежазба арқылы растау жүргізілгенін алға тартқан. Сондай-ақ миллион теңгенің оның банк шотына аударылғанын төлем құжаттарымен дәлелдеуге тырысқан. Ал Шавкет несие рәсімдеуге өзі бастамашы болмағанын, сол кезде телефон арқылы сөйлесіп отырып, алаяқтардың нұсқауымен әрекет еткенін түсіндірген. Алайда сот оның жауаптарын бір-біріне қайшы деп бағалаған.

Сотта Шавкет несие рәсімделген кезде денсаулығына байланысты не болып жатқанын толық түсінбегенін айтқан. Кейін ол микроқаржы ұйымының қызметкерімен сөйлесіп жатқанда, екінші телефон арқылы алаяқтың оған не деп жауап беру керегін айтып отырғанын түсіндірген.

Алайда сот ер адамның бұл сөздеріне сенбеген. Судья оның қаржы ұйымының қызметкерімен сөйлескенін және несие алуға өтініш бергенін негізге алған. Сонымен қатар Шавкет несиенің алаяқтық жолмен рәсімделгенін дәлелдейтін заңды күшіне енген сот үкімін ұсына алмаған.

"Сот жауапкердің алаяқтық туралы уәждерін негізсіз деп санайды. Ол несие шарты бойынша алаяқтық жасалғанын және өзінің мұндай несие алуға ерік білдірмегенін дәлелдейтін заңды күшіне енген сот үкімін ұсынбаған", — делінген сот шешімінде.

Осы уәждерге сүйенген сот коллекторлық компанияның талабын қанағаттандырған. Нәтижесінде Шавкеттен миллион теңге негізгі қарыздан бөлек, өкіл қызметіне 100 мың теңге, мемлекеттік бажға 30 мың теңге және атқарушылық жазба үшін 10 900 теңге өндіру туралы шешім шығарылған. Алайда ер адам бұл шешіммен келіспейді. Оның айтуынша, атына несие рәсімдеу дерегі бойынша қылмыстық іс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан алаяқтықтың құрбаны болғаны анықталып жатқан кезде қарызды өзінен өндіру әділетсіз.

Шавкеттің айтуынша, заң бойынша адам несие алаяқтық жолмен рәсімделгені үшін жәбірленуші деп танылса, қаржы ұйымы қарызды өндіріп алуды уақытша тоқтатуы керек. Ол осы мәселе бойынша Ішкі істер министрлігіне де сұрау жіберген. Министрліктен келген жауапта ер адамның банктерге жүгініп, қарызды өндіруді тоқтатуды талап етуге құқығы бар екені айтылған. Алайда сот бұл жағдайды ескермеген.

“Менде Ішкі істер министрлігінен келген жауаптар да бар. Онда банктерге барып, қарызды өндіріп алуды тоқтату туралы өтініш беруге құқығым бар екені жазылған. Бірақ осындай заң бола тұра, соттың неге менің жағымнан шықпағанын түсінбеймін. Құқығымды қорғау үшін адвокат жалдауға тура келді. Жақында апелляциялық сот болады. Сол жерде жеңіске жетемін деп үміттенемін”, — дейді ол.

Шавкет несие рәсімдеу кезінде қаржы ұйымы оның айлық табысын 643 мың теңге деп көрсеткеніне де таңғалады. Ер адамның сөзінше, бұл соманы ұйым оның банк картасындағы ақшаның жұмсалуына қарап есептеген. Алайда картаға түскен қаражаттың басым бөлігі әйелі мен балаларынан келген аударымдар болған.

“Менің нақты табысым — 90 мың теңге. Күзетші болып жұмыс істеймін. Әйелім мен балаларым жіберген ақшаны да табысым деп есептеген сияқты. Оның үстіне, кредиттік тарихым нашар, ипотека бойынша берешегім бар, банкроттық жағдайым да болған. Өзім алған несиелерімді 2031 жылға дейін төлеймін. Бірақ енді өзім алмаған миллион теңгені де мойныма іліп қойды”, — дейді Шавкет Зульяров.

Ер адам сот оның бұрыннан бар қарыздарын және несие төлеу мүмкіндігін де ескермегеніне наразы. Сондай-ақ телефон қоңырауларының тарихын іске тіркеу туралы өтініші қабылданбағанын айтады. Оның пікірінше, бұл оқиғада алаяқтар тек өзін ғана емес, қаржы ұйымдарының жүйесін де алдаған. Ал оның салдарын өзі тартып отыр. Болған жағдайдан кейін Шавкеттің созылмалы ауруы асқынып, ұзақ уақыт емделуге тура келген. Ол Алматыдағы онкологиялық орталықта сәулелік терапия курсынан да өткен.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға алаяқтардың жаңа тәсілінен сақ болу ескертілген еді. Олар енді ЖИ арқылы жаңа шаш үлгісі мен макияж жасауды ұсынуға көшкен. 

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 10:53